КҮНГЕЙДЕ ІРІ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесіп, Сауран ауданындағы қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясы құрылысының барысын пысықтады. Бұл — тек өңір үшін емес, тұтас елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтатын стратегиялық маңызы жоғары жоба.

Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен экономикалық байланыс бүгінде нақты жобалармен айшықталып келеді. Саурандағы күн электр станциясының салынуы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларға жайлы орта қалыптастыру саясатының тікелей нәтижесі. Өткен жылдың желтоқсанында іргетасы қаланған бұл бастама екі ел үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы келісім шеңберінде жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесу барысында әрбір инвестордың қызметі оның жеке бақылауында болатынын және әкімшілік кедергілерді жоюға барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті. Өз сөзінде «Бұл жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі. Біз жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өңірдегі әрбір инвестициялық жоба мен инвестор қызметі менің тұрақты бақылауымда» деді өңір басшысы.
Саурандағы күн станциясы – технологиялық тұрғыдан өте күрделі әрі заманауи нысан. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Мұнда орнатылатын жабдықтар энергия үнемдеудің ең жоғары стандарттарына сай. Жобаның техникалық параметрлеріне үңілсек, нысанның ауқымын аңғару қиын емес. Тарқатсақ, қосалқы станцияда әрқайсысының қуаты 400 МВА болатын екі алып трансформатор орнатылады. Ең басты инновациялық шешім – қуаты 90 МВт/360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі. Бұл жүйе күн болмаған уақытта немесе ауа райы құбылған сәтте электр желісінің тұрақтылығын сақтап, энергия тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс алаңына қажетті контейнерлер мен күн панельдерінің алғашқы партияларын жеткізу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоба 2024-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен толық пайдалануға берілмек.
Инвестициялық жобаның экономикалық тиімділігінен бөлек, әлеуметтік маңызы да зор. Құрылыс кезеңі мен нысан іске қосылған уақытта 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл ретте инвесторлар жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеуге баулуға басымдық беріп отыр. Бұл Сауран ауданының ғана емес, тұтас облыстың еңбек нарығына оң әсер етпек. Қазақстанның энергия теңгерімінде көмір генерациясының үлесі әлі де жоғары. Саурандағы 300 МВт қуаттылық осы тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Күн электр станциясы іске қосылғанда атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі айтарлықтай азаяды. Бұл – еліміздің халықаралық деңгейдегі декарбонизация міндеттемелерін орындау жолындағы нақты қадамы.
Түйіндей айтқанда, Түркістан облысындағы бұл жоба өңірлік инфрақұрылымның дамуына соны серпін беріп, облыстың инвестициялық тартымдылығын жаңа белеске көтереді. Күн сәулесі мол киелі өңір енді сол табиғи байлықты ел игілігіне, жарық пен жылуға айналдырудың озық үлгісін көрсетпек.