ЕГІС АЛҚАБЫ БИЫЛ ТАҒЫ ҰЛҒАЙДЫ

дайындық деңгейі жоғары, ал меже —
мол өнім

Биыл да еліміздің ауыл шаруашылығы саласында көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық пен алғашқы дән себу науқаны қызу қарқын алды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша 804 мың гектар алқап игеріліп үлгерген. Оның басым бөлігін, яғни 412 мың гектарын дәнді дақылдар құраса, мал азықтық және майлы дақылдар да біршама аумақты алды.

Көкөніс пен мақта, картоп пен қант қызылшасын егу жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Әсіресе, теріскей өңірлерде топырақ ылғалын сақтауға бағытталған агротехникалық шаралардың дер кезінде атқарылуы — болашақ берекенің кепілі. Биылғы егіс алқабының жалпы көлемі 23,8 млн гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Ризығын жер анадан тауып отырған диқан үшін ең бастысы — сапалы тұқым мен уақтылы жеткізілген тыңайтқыш. Қазіргі таңда 2,3 млн тонна тұқым қоры дайын болса, оның 1,5 млн тоннасы арнайы сапа тексеруінен өтіп, себуге жарамдылығын дәлелдеген. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштармен қамту жұмыстары да бір сәтке толастаған емес. Жоспарланған көлемнің едәуір бөлігіне келісімшарттар жасалып, шаруаларға жөнелтілуде. Бұл — топырақтың құнарын арттырып, мол өнім алудың төте жолы.
Әрине, техникасыз дала жұмысын елестету мүмкін емес. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98 пайызға жеткен. Жаппай дала жұмыстары басталғанша, бұл көрсеткіш жүз пайызды бағындырмақ. Диқандардың қолында 133 мыңнан астам трактор мен заманауи егіс кешендерінің болуы жұмыс сапасын арттырары сөзсіз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың тағы бір айқын дәлелі — арзандатылған дизель отыны. Биылғы жылға бөлінген 402,3 мың тонна жанар-жағармайдың бағасы нарықтан 15 пайызға төмен бекітілген. Бұл шаруаның шығынын азайтып, еңбекке деген ынтасын еселей түсетін маңызды қадам. Ең бастысы, дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілуі алдағы күзде қамбаның астыққа толуына берік негіз қалап отыр.

Ж.БАЛАУСА.