ҚҰС ФАБРИКАСЫ ӨҢІРДІ ОТАНДЫҚ ӨНІММЕН ҚАМТЫП ОТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып отырған «Сарыағаш-Құс» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Дарбаза ауылдық округінде орналасқан бұл кәсіпорын бүгінде облыс пен Шымкент қаласының жұмыртқа нарығында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген.
Кәсіпорын жұмысын аралап көрген өңір басшысы өндірістік желілердің ахуалына қанығып, сала мамандарымен пікір алмасты. Нұралхан Көшеров өз сөзінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көрсетілетін қолдау тетіктеріне тоқталып, субсидиялау мен төмен пайыздық несиелеудің маңызын атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру көлемін арттыру – басты басымдық. «Сарыағаш-Құс» секілді фабрикалар ішкі нарықты отандық өніммен толтырып қана қоймай, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр» деді облыс әкімі.
Кәсіпорын басшысы Мұрат Талманның айтуынша, зауытта қазіргі таңда 20-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты еңбек етуде. Өндірілген жұмыртқа өнімдеріне деген сұраныс Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өте жоғары. Шаруашылық алдағы уақытта өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай етіп, өндіріс қуаттылығын еселеуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда зауыттың басты стратегиясы — ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді бағадағы өніммен қамтамасыз ету. Өндіріс барысында заманауи ветеринарлық-санитарлық талаптар қатаң сақталады. Облыс басшысы кәсіпорынның алдағы даму жоспарына оң баға бере отырып, бірқатар нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, заманауи технологияларды енгізу арқылы шығындарды азайту, кәсіпорын қуаттылығын арттыру арқылы жаңа бос жұмыс орындарын ашу, келешекте өнімді көршілес елдерге шығару мүмкіндіктерін қарастыру тетіктерін терең талдауды тапсырды. Сапар соңында Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын және отандық өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сарыағаштағы құс фабрикасының жұмысы өңірдегі шағын және орта бизнестің ірі өндіріске айналуының жарқын мысалы болып қалмақ.




