«AINALA» — МЕЙІРІМ МЕН ОҢАЛТУ ОШАҒЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі әлеуметтік маңызы жоғары нысандардың бірі — «Ainala» оңалту орталығына барды. Былтыр ғана есігін айқара ашқан бұл мекеме бүгінде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер үшін нағыз үміт бесігіне айналып отыр. Өңір басшысы орталықтың жұмыс барысымен танысып, мұндағы ем алушы бүлдіршіндердің жетістіктеріне куә болды.
Бұл жоба — мемлекеттік саясат пен ірі бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі ұштасқан сәтті бастама. Орталық «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының тікелей атсалысуымен іске қосылған. Мекемені аралау барысында облыс әкімі мұндай нысандардың ауылдық жерлерде ашылуы — әлеуметтік теңсіздікті жоюдың төте жолы екенін атап өтті. Сапалы медициналық көмек пен оңалту қызметінің шалғай аудандарда қолжетімді болуы — жергілікті халықтың әл-ауқатын арттырудың басты көрсеткіші.
«Ainala» орталығының өзгелерден оқ бойы озық тұрған тұсы — оның аралас үлгіде қызмет көрсетуі. Бұл форматтың артықшылықтары мынадай — 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды. Мұнда тек дәрігерлік ем ғана емес, ерте араласу, әлеуметтік бейімдеу және психологиялық қолдау шаралары қатар жүргізіледі. Орталық әртүрлі дертке шалдыққан балалардың ерекшелігін ескере отырып, дербес оңалту бағдарламаларын ұсынады. Қазіргі таңда 50 балаға шақталған мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Өңір басшысы бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, олардың өмірге деген құштарлығы мен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Оңалту орталығының басты миссиясы — баланы тек емдеп қана қоймай, оны қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыру. Дәрігерлермен және сала мамандарымен пікір алмасқан Нұралхан Көшеров әлеуметтендіру мәселесіне басымдық берді. «Әрбір баланың әлеуетін ашу – біздің міндетіміз. «Ainala» секілді орталықтар балалардың өмір сапасын жақсартып, олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра береміз» деді облыс әкімі. Бүгінде Түркістан облысында әлеуметтік салаға, әсіресе балалардың денсаулығы мен болашағына бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Сарыағаштағы бұл орталық – соның жарқын айғағы. Мамандардың кәсібилігі мен мемлекеттік қолдау ұштасқан жерде талай баланың тағдыры жақсы жаққа бағытталары сөзсіз.




