ЕҢБЕК ПЕ ӘЛДЕ ЕССІЗ ТӘУЕКЕЛ МЕ?

400 мыңға жуық отандасымыз қауіп құрығында жүр…
Ел экономикасының локомотиві саналатын өндіріс орындарындағы қызу еңбектің артында адам тағдыры тұрғанын жиі ұмытамыз. Статистика – жай ғана сандар, бірақ сол цифрлардың астарында денсаулығын еңбекке айырбастаған жүз мыңдаған отандасымыздың өмірі тұр. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылға арналған соңғы есебі біраз деректің бетін ашты. Тарқатсақ, елімізде 400 мыңға жуық адам денсаулығына қауіп төндіретін ортада тер төгіп жатыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы зиян және қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істегендердің нақты саны 396,5 мың адамды құраған. Бұл – деректері белгілі кәсіпорындардағы барлық қызметкерлердің 22,2 пайызы. Яғни өндіріс ошағындағы әрбір төртінші немесе бесінші адам күн сайын өз өмірін бәйгеге тігіп, цехқа немесе шахтаға түседі деген сөз. Ең өкініштісі, бұл қатарда 80,4 мың әйел бар. Ана мен баланың амандығын ту еткен қоғам үшін бұл көрсеткіш — ойланарлық жайт. Әйел затының ауыр өндірісте, шаң-тозаң мен химиялық будың ортасында жүруі әлеуметтік мәселенің тереңде жатқанын аңғартады.
Зиянды жұмыс істейтіндердің ең көп шоғыры, әдеттегідей, өнеркәсіп саласына тиесілі. Саны — 272,7 мың адам. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 115 мың адам, тау-кен және карьерде 114,7 мың адам жұмыс істейді. Географиялық тұрғыдан алсақ, өндірістің алыптары орналасқан аймақтар статистикада да көш бастап тұр. Оның қатарында Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы бар. Бір қызығы, 2025 жылы кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігіне 558,1 млрд теңге жұмсаған. Бұл соманың ішіне арнайы киім-кешек, сүтпен қамту, қосымша демалыстар мен өтемақылар кіреді. Алайда, «ақшамен денсаулықты сатып алу мүмкін бе?» деген сауал көкейде тұр. Иә, заң бойынша өтемақы төленеді, жеңілдіктер беріледі. Бірақ технологияны жаңартып, зияндылықты барынша азайтуға жұмсалатын инвестиция — нағыз шешім болуы тиіс. 558 миллиард теңге тек «зардапты өтеуге» емес, «зардаптың алдын алуға» жұмсалғанда ғана нәтиже береді деп ойлаймыз…
Ж.БАЛАУСА.




