ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында жер қойнауын пайдалану саласындағы тәртіп қатаң бақылауға алынды. Өңірдегі табиғи байлықты заңсыз иемденіп, экологияға залал келтіргендер енді заң алдында жауап береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте мемлекет меншігінен кеткен жерлерді қайтару және заңсыз жер пайдаланушылармен күресті күшейту мәселесі талқыланды.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 221 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың қызметі 75 келісімшарт пен 146 лицензия негізінде реттелген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл саладан облыстық бюджетке 9,1 млрд теңге қаржы түсті. Алайда, санның сапаға сәйкес келмейтін тұстары да бар. Облыста лицензиясы тоқтатылған немесе жерді алғанымен, оны игермей бос жатқызған учаскелерді анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Инвентаризация жұмыстарының нәтижесі ауқымды. 2025 жылы 35 пайдаланушының 123 мың гектар жері, ал 2026 жылдың басынан бері 3 пайдаланушының 501 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл — жердің нақты иесі халық екенін ұқтыратын көрсеткіш.
Мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров табиғи қазбаларды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрестің жаңа кезеңін бастауды тапсырды. Әсіресе, өзен-көлдер мен карьерлердегі заңсыз қазба жұмыстары экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Өз сөзінде «Жер қойнауы мен пайдалы қазбаларды заңсыз қолданушыларға қарсы мобильді топтардың жұмысын жандандыру керек. Барлығы заңға сәйкес болуы қажет» деді өңір басшысы. Бүгінде облыста заңсыз қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан 22 «қызыл нүкте» анықталды. Оның 15-і жеке меншік болса, 7-і жайылымдық жерлер. Бұл аумақтарды мемлекетке қайтару процесі басталып кетті. Сонымен қатар, заңсыз әрекеттерден келген 558,4 млн теңге залал есептеліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.