ИНВЕСТИЦИЯ — ЭКОНОМИКАНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Түркістан облысында индустриялық аймақтардың жұмысы жаңа белеске көтерілді. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруды көздейтін бұл жобалар бүгінде экономиканы әртараптандырудың басты құралына айналып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы саланың бүгінгі жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Бұл — жалаң есеп емес, халықты жұмыспен қамту мен өнім өндірудің нақты стратегиясы.
Бүгінде Түркістан облысының аумағында жалпы көлемі 1 961,3 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Бұл ауқымды аумақ — өңірдегі өндіріс ошақтарының іргетасы. Қазіргі таңда осы аймақтарда жалпы құны 132,3 млрд теңге болатын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың түпкі мақсаты — 6 001 жаңа жұмыс орнын құру. Айта кетерлігі, жоспарланған жұмыстардың жартысынан астамы қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Нақтырақ айтсақ, 59,8 млрд теңгеге бағаланған 55 инвестициялық жоба іске қосылып, 3 454 өңір тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл — мыңдаған отбасының әлеуметтік жағдайы түзелді деген сөз. Ал алдағы уақытта 72,6 млрд теңгені құрайтын тағы 43 жоба іске асырылмақ. Осы бастамалар сәтті аяқталған жағдайда қосымша 2 547 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров тек жетістіктерді тізбелеп қоймай, түйткілді мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, хаттамалық тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған аудан және қала әкімдерінің жұмысы қатаң сынға алынды. Өңір басшысы инвестиция тарту ісінде енжарлық танытуға болмайтынын қадап айтты. «Біздің мақсатымыз — инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және халықты жұмыспен қамту. Жер және инфрақұрылым мәселесін жедел түрде шешуді тапсырамын. Инвесторларды тарту, жаңа әрі нәтижелі жобаларды орналастыру жұмыстарын күшейтіңіздер» деді Нұралхан Көшеров. Бұл тапсырмалардың астарында өңірдегі әрбір бос жатқан жер телімі мен әрбір инфрақұрылымдық нысанның тиімді пайдаланылуы тиіс деген талап жатыр.
Индустриялық аймақтарда іске асып жатқан жобалардың бағыты сан алуан. Бұл өңір экономикасының бір ғана салаға тәуелді еместігін көрсетеді. Бүгінде мұнда жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, құрылыс индустриясы, пластмасса бұйымдары, машина жасау, металлургия және жиһаз жасау сияқты маңызды бағыттар қамтылған. Бұл салалардағы кәсіпорындардың қарқыны да жаман емес. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаевтың мәліметінше, өткен жылы индустриялық аймақ кәсіпорындары 26,2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ал бюджетке түскен салық түсімі 1,7 млрд теңгені құрады.
Айрықша атап өтетін жайт — бюджет қаржысының қайтарымы. Индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына мемлекет тарапынан 12,4 млрд теңге жұмсалған. Ал осының нәтижесінде тартылған жеке инвестиция көлемі еселеп артқан. Нақты есепке сүйенсек, бюджеттен жұмсалған әрбір 1 теңгеге 10,7 теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл — мемлекет пен бизнестің серіктестігі қаншалықты тиімді екенінің айқын дәлелі. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан-2» өңірлік маңызы бар индустриялық аймағы құрылды. Қазіргі таңда 150 гектар жер телімінің құқықтық рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл — болашақта өңірге келетін жаңа инвесторлар үшін қосымша мүмкіндік.
Түркістан облысындағы индустриялық аймақтар — тек өндіріс орны емес, бұл өңірдің әлеуметтік тұрақтылығының кепілі. Алайда облыс басшысы атап өткендей, жер мен инфрақұрылым кедергілері жойылғанда ғана бұл көрсеткіштер бұдан да жоғары болмақ. Демек алдағы уақытта жауапты тұлғалардың жұмысы нақты нәтижемен өлшенетін болады.




