ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕГІ МОНИТОРИНГ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірдегі басты су артериясы — Сырдария өзенінің бойында шіркей дернәсілдерінің дамуын бақылау және олардың санын реттеу жұмыстары ерекше қарқын алды. Бұл маңызды экологиялық шараны «Защита-растений-К» ЖШС мекемесінің білікті ғылыми сүйемелдеу тобы жүзеге асыруда.

Мамандар жүргізіп жатқан кешенді зерттеулер шіркейлердің даму сатыларын нақты анықтауға мүмкіндік беріп, соның нәтижесінде биологиялық және химиялық залалсыздандыру әдістері жүйелі түрде қолданылатын болады. Биылғы энтомологиялық мониторинг аясында ақпан айының ортасынан бастап наурыз айының соңына дейінгі аралықта өзен бойында бірнеше кезеңдік бақылау шаралары ұйымдастырылды. Арнайы бекітілген кестеге сай, табиғи және жасанды субстраттардан алынған үлгілер зертханалық талдаудан өткізіліп, зиянкестердің өсу динамикасы жіті қадағалануда. Сонымен қатар ғылыми топ өзен суының физика-химиялық жағдайын, атап айтқанда су температурасын, рН көрсеткішін, минералдану деңгейі мен еріген оттегі мөлшерін тұрақты өлшеп отыр.
Бұл жауапты миссияға 6 білікті биолог маман жұмылдырылып, олар қажетті техникалық құралдармен, соның ішінде қайықтармен және заманауи зертханалық базамен толық жабдықталған. Сырдария өзенінің облыс аумағынан өтетін 350 шақырымнан астам бөлігі түгелдей назарға алынып, зерттеу және өңдеу жұмыстары жүргізілетін арнайы учаскелер нақтыланды. Жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында тұрған бұл шаралар алдағы уақытта тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етуге және өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған. Атқарылып жатқан сапалы жұмыстар зиянкестердің жаппай таралуына жол бермей, Сыр бойындағы елді мекендердің қауіпсіздігін нығайта түспек.