«ТҰРАН» КОМАНДАСЫНЫҢ ДАМУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

2 сәуір күні Түркістан қаласындағы еңселі «Түркістан Арена» стадионында футболдан Бірінші лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионатының шымылдығы түрілді. Маусымның ашылу матчында жергілікті «Тұран» клубы мен «Оңтүстік Академия» командасы жасыл алаңда шеберлік байқасты.

Дүбірлі доданың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына тоқталып, футбол клубтарын жекешелендірудің маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімі клубты өз басқаруына алған «Ordabasy Group» компаниясы мен инвестор Дінмұхаммед Ыдырысовқа алғыс білдірді. Өз сөзінде «Біздің басты мақсатымыз – өңір намысын абыроймен қорғайтын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру. «Тұран» тек ұпай үшін емес, болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелейтін үлкен мектепке айналады» деді Нұралхан Көшеров. Рәміздік сый ретінде клуб инвесторлары облыс әкіміне команданың 10-нөмірлі жейдесін табыс етті.
Клубтың жаңа қожайыны Дінмұхаммед Ыдырысов команданың алдағы жоспарларымен бөлісті. Инвестордың айтуынша, басты басымдықтар мынадай — команданы тез арада Премьер-лигаға қайтару, балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту, әйелдер футболына қолдау көрсету және клубтың инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту. Команда тізгіні қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс, тәжірибелі маман Виктор Кумыковқа сеніп тапсырылды. Оның келуімен клуб құрамы сапалы әрі тәжірибелі ойыншылармен толықты. Сарапшылар жеке инвестицияның келуі клубтың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, басқару тиімділігін арттыратынын айтуда.
Маусымның алғашқы ойыны нағыз футбол мерекесіне айналды. Алаңда «Тұран» футболшылары басымдыққа ие болып, жиі шабуылдағанымен, қарымта шабуылда ширақтық танытқан қонақтар (Оңтүстік Академия) 2:1 есебімен жеңісті жұлып кетті. Дегенмен стадионға жиналған қалың көрермен ерекше әсер алды. Матч үзілісінде ұйымдастырылған лотереяда жанкүйерлер арасында «PlayStation» және «iPhone» секілді құнды сыйлықтар ойнатылып, интерактивті аймақтар жұмыс істеді.
«Тұран» клубының алға қойған мақсаты айқын. Команда келесі маңызды кездесуін 8 сәуір күні өз алаңында өткізеді. Қазақстан Кубогы аясында түркістандықтар Семейдің «Елімай» командасын қабылдайды. Жанкүйерлер бұл матчта жаңарған ұжымнан тек жеңіс күтеді.