ТҮРКІСТАННЫҢ АВТОПАРКІ ЖАҢАРДЫ

Түркістан қаласының көліктік инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарды. Облыс орталығындағы тасымалдаушы компанияларға заманауи, жайлы әрі қауіпсіз 35 жаңа автобустың кілті салтанатты түрде табысталды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қаланың автопаркін жаңарту шарасына арнайы қатысып, жергілікті тасымалдаушыларға су жаңа көліктерді табыс етті. Атап айтқанда, «Жолаушы» компаниясының құрамы 12 көлікпен, ал «ТехПрофАвто» кәсіпорны 23 автобуспен толықты.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Түркістанның туристік әлеуеті мен халықаралық деңгейдегі маңызына тоқталды. Өз сөзінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Былтыр қаламызға 1 млн 200 мың турист келсе, биылғы жылдың алғашқы 3 айында 450 мың адам саяхаттаған. Осындай ерекше статусқа сай болу үшін қоғамдық көліктеріміз де заман талабына жауап беруге тиіс» деді Нұралхан Көшеров. Әкім қоғамдық көлікті қала тынысының күретамырына балап, автопаркті жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді.
Пайдалануға берілген темір тұлпарлар жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін соңғы технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған. Жаздың аптап ыстығына арналған желдеткіш (кондиционер) жүйесі бар. Төлем жасау үшін жеңілдететін электронды билет жүйесі жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен арбалы жолаушылар үшін арнайы пандустар қарастырылған.
Шара барысында тек техника емес, адам капиталына да ерекше көңіл бөлінді. Көлік саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары жауапкершілік танытқан бір топ маман облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бүгінде Түркістан қаласында 300-ге жуық маман 204 қоғамдық көлік арқылы 21 бағытта қызмет көрсетіп келеді. Түркістанда қоғамдық көлікті пайдаланушылар қатары жыл сайын арта түсуде. Мәселен, өткен жылы қала ішінде 27,6 млн адам тасымалданған. Жаңа автобустардың қосылуы бұл көрсеткіштің сапасын арттырып, халықтың межелі жеріне уақытылы әрі жайлы жетуіне мүмкіндік береді.




