ТҮСТІКТЕН ТЕРІСКЕЙГЕ БЕТБҰРЫС…

қоныс аударғандарға қолдау көп

Мемлекет еңбек ресурстарын тиімді бөлу және кадр тапшылығын жою мақсатында ішкі миграция саясатын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аудару жай ғана мекен ауыстыру емес, отбасылық табысты еселеп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын стратегиялық қадамға айналып отыр. Үкімет тарапынан ұсынылып жатқан ауқымды әлеуметтік пакет пен қаржылай көмек тетіктері бұл процестің тиімділігін арттыра түспек.

Еліміздің еңбек нарығындағы теңсіздік – өзекті мәселелердің бірі. Оңтүстік облыстарда демографиялық өсім жоғары болғанымен, жұмыс күшінің артықтығы байқалады. Ал керісінше, теріскей мен шығыс өңірлерде білікті мамандар мен жұмыс қолына деген сұраныс жоғары. Сондықтан мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасының негізгі миссиясы — кадр тапшылығын жою және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, бұл бағытта кешенді қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Жаңа жерге табан тіреген азамат үшін алғашқы қадам әрқашан қиын. Осы қиындықты сейілту мақсатында мемлекет көшу шығындарын толықтай өз мойнына алып отыр. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған. Мәселен, 2026 жылғы есептік көрсеткіш бойынша бұл сома әр адамға 302 750 теңгені құрайды. Демек бес адамнан тұратын отбасы көшіп барған бойда 1,5 миллион теңгеден астам қолма-қол көмекке ие болады. Бұл қаражат жаңа қонысқа бейімделу кезеңіндегі алғашқы қажеттіліктерді өтеуге септігін тигізеді.
Баспана – кез келген қоныс аударушының басты уайымы. Бағдарлама бұл мәселені екі бағытта шешуді ұсынады. Біріншісі — тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын бір жыл бойы мемлекет есебінен өтеу. Бұл төлемдердің көлемі отбасы мүшелерінің санына және таңдаған мекеніне (қала немесе ауыл) байланысты белгіленген. Егер азаматтар қалалық жерге қоныстанса, бір адамға – 86 500 теңге (20 АЕК), 2-4 адамнан тұратын отбасыға – 108 125 теңге (25 АЕК), ал 5 және одан көп адамға – 129 750 теңге (30 АЕК) төленеді. Ауылдық жерлерде де қолдау аз емес. Бір адамға 15 АЕК-тен басталып, көпбалалы отбасылар үшін 21 АЕК-ке (90 825 теңге) дейін жетеді.
Екінші және ең маңызды қолдау – «Экономикалық ұтқырлық сертификаты». Бұл құжат қоныс аударушылар мен қандастарға жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызына дейінгі соманы жаба алады, бірақ оның шекті мөлшері 1625 АЕК-тен (шамамен 7 028 125 теңге) аспауы тиіс. Бұл – меншікті пәтер немесе жер үй алуға ниетті жандар үшін үлкен демеу. «Негізгі мақсат – азаматты көшіру ғана емес, оның тұрақты табыс табуына жағдай жасау» дейді сала мамандары. Осы мақсатта бағдарлама қатысушыларына жұмыс орындары алдын ала дайындалады. Мамандығы сұранысқа сай келмеген жағдайда, мемлекет есебінен кәсіби қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, өз ісін бастағысы келетін кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несиелер беріледі. Түйіндей айтқанда, мемлекет ұсынып отырған бұл көмек пакеті – тек қаржылай үлестіру емес, ел болашағына салынған инвестиция. Еңбек ресурстарының дұрыс бөлінуі экономиканың қарқынын арттырып, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүруіне кепіл болмақ.