«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ӨТКЕН ШАРАДА СЕГІЗ МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы Қазығұрт ауданында жаңа серпінмен жалғасын тауып, қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Аталған жоба аясында елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және жасыл желекті көбейту шараларына ерекше басымдық берілуде. Жуырда ауданның барлық 13 ауылдық округінде бір мезгілде өткен ауқымды сенбілік барысында бұл игі бастама нақты істермен айшықталды. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қазығұрт ауылдық округіндегі ағаш егу шарасына арнайы қатысып, белсенді жастармен бірге көшет отырғызды. Шара барысында аудан басшысы тек ағаш егумен шектелмей, отырғызылған жас шыбықтарды күтіп-баптау, уақытылы суару және олардың өніп-өсуіне сапалы жағдай жасау қажеттігін баса айтты.
Биыл аудан бойынша жалпы саны 18 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған болса, соның ішінде «Жаңару күні» аясында 4 мың түп егілген болатын. Ал жуырда өткен экологиялық акция аясында тағы 8 мыңға жуық көшет жерсіндірілді. Мұндай ауқымды жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатты қорғауға деген ортақ жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналып отыр.




