ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕС ӨКІЛДЕРІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістан қаласына Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының мүшелері арнайы жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ЕЭК-тің экономика, энергетика, интеграция, техникалық реттеу, кедендік ынтымақтастық және бәсекелестік жөніндегі министрлері Бақыт Сұлтанов, Арзыбек Кожошев, Данияр Иманалиев, Александр Субботин, Сергей Шкляев және Максим Ермолович бар. Бұл сапар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланыстарды нығайтуды көздейді.

Жұмыс сапары барысында делегация мүшелері Түркістанның бай тарихымен танысты. Қонақтар «Сирек жәдігерлер залы» көрмесін аралап, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорындағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Экспозицияда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ХІV ғасырдан бері сақталып келе жатқан бірегей экспонаттар ұсынылған. Айта кетерлігі, музей қорындағы 26 мыңнан астам жәдігердің 80 пайызы — түпнұсқа дүниелер. Меймандар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, нысанның сәулеттік және рухани маңызына қанықты. Делегация өкілдері Түркістанның жаңа кейпін айшықтайтын «Керуен сарай» туристік кешенінде болып, әлемдегі теңдесі жоқ ұшатын «Алтын Самұрық» театрын тамашалады. Дүние жүзінде 8D форматындағы бар болғаны 18 ұшатын театр болса, соның бірі және ТМД елдері бойынша жалғыз нысан Түркістанда орналасқан.
Министрлер 8D форматындағы виртуалды саяхат арқылы Қазақстанның өткен тарихынан бастап, жарқын болашағына дейінгі көріністерді тамашалап, жоғары технологиялық мүмкіндіктерге куә болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев делегация мүшелеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік көрсеткіштері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Бүгінгі таңда облыста туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысымен өңірге келген саяхатшылар саны 500 мың адамнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға өсті. Тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалаушылар саны 1 миллион 12 мың адамға жетіп, 13 пайыздық өсімді көрсетті.
Қазіргі уақытта облыста 265 орналастыру орны (қонақүйлер мен демалыс орындары) жұмыс істейді, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға артық. ЕЭК өкілдерінің бұл сапары Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтып қана қоймай, болашақта өңірге жаңа инвестициялар тартып, туристік кластерді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізбек.