ӘУЛЕТТІҢ ИЕЛІГІНДЕГІ НЫСАН ӘЛЕУМЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Ғабит Сыздықбеков
табандылығын тағы да дәлелдеді
Шымкент қаласының тарихында үлкен бетбұрыс кезеңі жүріп жатыр. Ширек ғасыр бойы жекеменшіктің шылауында кеткен, қаланың тіршілік нәрі — су жүйесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл — жай ғана сот шешімі емес, халықтың қалауы мен мемлекеттік мүдденің жеңісі.
Тарқатсақ, тоқсаныншы жылдардың аласапыранында, мемлекеттік мүлік талан-таражға түскен тұста Шымкенттің су жүйесі де бөлшектеніп, жеке қолға өтіп кеткен еді. Осылайша 1998 жылдан бері қала халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп келген «Су ресурстары — Маркетинг» серіктестігі іс жүзінде экс-әкім Анарбек Орманның отбасылық бизнесіне айналды. Бір қызығы, бүкіл бір мегаполистің стратегиялық қауіпсіздігіне жауап беретін нысанның тағдыры отыз жылға жуық уақыт бойы бір ғана әулеттің уысында болды. Бұл монополия тек экономикалық тұрғыдан емес, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан да үлкен сұрақтар туғызған еді. Алайда биыл көктемде апелляциялық сот нүкте қойды. Шымкент суы енді – Шымкент халқыныкі.
Жасыратыны жоқ, Шымкентті осыған дейін талай әкім басқарды. Олардың арасында ықпалдысы да, азулысы да болды. Бірақ бірде-бірі осы стратегиялық нысанды мемлекетке қайтару мәселесіне келгенде батылдық таныта алмады немесе көз жұма қарады. Себебі бұл жерде тек бизнес емес, үлкен саяси байланыстар мен тамыры терең мүдделер жатқан еді. Ғабит Сыздықбековтың келуімен бұл үрдіс бұзылды. Қала тізгінін ұстаған сәттен бастап ол «заңның үстемдігі» мен «әділдік» қағидатын бірінші орынға қойды. Осылайша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев артқан сенімнің үдесінен шықты десек, артық айтпаған болар едік. Бұл жеңістің басты драйвері — әкімнің саяси ерік-жігері екені даусыз. Жекешелендіру кезіндегі өрескел заң бұзушылықтарды анықтап, сотқа жүйелі түрде дәлелдер ұсыну — әкім командасының кәсіби жұмысының жемісі. Іргелі істердің арқасында тұтынушылардың тарифі есебінен техникалық қажеттілігі жоқ 541 миллион теңгенің құбырын салу секілді заңсыздықтарға тосқауыл қойылды.
Су жүйесінің мемлекет меншігіне өтуі жай ғана статусты өзгерту емес. Бұл жерде үш маңызды дүние бар. Біріншіден, бұдан былай халық төлейтін әрбір тиын жеке адамның қалтасына емес, жүйені жаңғыртуға, құбырларды жаңартуға және сервисті жақсартуға жұмсалады. Екіншіден, стратегиялық нысанды мемлекет бақылайды. Бұл – төтенше жағдайлар мен экологиялық сын-қатерлерге төтеп берудің басты шарты. Үшіншіден, әкімдік уәде еткендей, жұмыс орындары сақталады, бірақ басқару жүйесі мүлдем жаңа, ашық форматқа көшеді.
Шымкенттегі бұл бастама — Жаңа Қазақстандағы әділеттілік орнату процесінің жарқын үлгісі. Бір кездері жекенің қолындағы монополияға айналған дүниенің қоғам игілігіне қайтуы Ғабит Сыздықбековтың әкім ретіндегі батыл реформаторлық бейнесін айқындай түсті. Бұған дейінгі басшылардың тісі батпаған, «жылдар бойы қордаланған мәселе» деп жылы жауып келген түйткілді шешу — нағыз іскер әкімнің ісі. Ендігі кезекте, мемлекет меншігіне өткен бұл нысан Шымкенттің дамуына жаңа серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететініне сенім мол. Қорыта айтқанда, әділет орнады, Шымкент суы халыққа қайтты!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




