50 МЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАУІП ҚҰРСАУЫНДА ОТЫР

Қазақстанның тұрғын үй қоры ескіріп қана қоймай, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ranking сарапшылары жариялаған соңғы деректер төбе шашыңды тік тұрғызады. Тарқатсақ, елімізде апаттық үйлердің саны бір жылда 7 пайызға артып, 2,6 мың нысанға жеткен. Ең сорақысы – 50 мыңнан астам отандасымыз күн сайын үйім төбеме құлап кетпес пе екен деген үреймен ұйықтайды.
Өңірлердегі ахуалды сараласақ, Атырау облысы антирекордтың көшін бастап тұр. Мұнайлы өңірде 705 апатты үй тіркелген. 13 мың адам қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Бір жыл ішінде мұнда тағы 49 үй «апатты» мәртебесін алған. Яғни, жағдай түзелудің орнына, тамыры тереңдеп барады. Көш соңындағы Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарының да сиқы белгілі — жаңа үй салу мен ескіні бұзу қарқыны көңіл көншітпейді. Жергілікті билік «реновация» деп ұрандатқанымен, іс жүзінде бұл бағдарламалардың пәрмені шамалы секілді. Апатты үйлердің санының артуы, бір жағынан, тексерудің жандануын көрсетсе, екінші жағынан — тұрғын үй қорының жедел тозып бара жатқанының белгісі. Тіпті, ресми мәртебе алған күннің өзінде, тұрғындар жаңа пәтерге көшкенше талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтеді. Қала берді, бұл жерде «тіркелген» және «тіркелмеген» деген екіұдай ұғым бар. Мыңдаған үй іс жүзінде мүшкіл халде тұрса да, шенеуніктер статистиканы бүлдірмеу үшін немесе көшіруге қаражат жоқтығынан «апатты» деп тануға асықпауы мүмкін. Нәтижесінде 50 мың адам бұл тек айсбергтің бергі жағы ғана болуы ықтимал. Шын мәнінде, қауіпті аймақта тұрып жатқандардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы ғажап емес.
Апатты үй мәселесін шешу үшін жалаң статистикамен айналысуды доғару керек. Бүгінгі таңда басты міндет — үйлерді жай ғана тізімге алу емес, нақты бұзу мен құрылыс қарқынын үдету. Өкінішке қарай, тұрғын үй саласында да жүйелілік жетіспейді. Тек кешенді реновация, ашық статистика және жауапты органдардың үйлесімді жұмысы ғана 50 мың адамның үрейін сейілте алады. Әйтпесе кезекті бір апат орын алғанда, шенеуніктер тағы да «статистикада жоқ еді» деп иық қиқаңдатып қала бермек. Қош делік, мәселе бар. Тіпті, кезек күттірмейтін түйткіл десек те болады. Ал енді жағдайдың қай жаққа өзгеруі уақыттың еншісінде…
О.ҚАСЫМ.




