ФРАНЦИЯ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ТАНЫМАЛ ТУРИСТІК БАҒЫТ МӘРТЕБЕСІН САҚТАП ҚАЛДЫ

Франция 2025 жылы әлемдегі ең көп турист қабылдаған ел атанды. Елге жыл ішінде 102 миллион шетелдік қонақ келген. Өткен жылы Францияға 100 миллион турист сапарлаған болатын. Демек көрсеткіш өсіп отыр.

Франция Экономика министрлігі мәліметінше, туристер санының артуы туризм саласындағы табыстың да тарихи рекордқа жетуіне ықпал еткен. 2025 жылы туризмнен түскен кіріс 77,5 млрд еуроны құрап, бір жыл ішінде 9 пайызға артқан. Бұл туралы «Travel And Tour World» басылымы хабарлады. Франция үкіметі туризмді экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырып отыр. Алдағы жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай туризмнен түсетін табысты 100 млрд еуроға жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа бағыттарды дамыту шаралары қолға алынбақ.
Францияға ең көп турист жіберген елдер қатарында Германия мен Бельгия алдыңғы орында тұр. Әр елден 14,6 миллион адам келген. Одан кейінгі орындарда Ұлыбритания (13,1 млн) және Швейцария (9 млн) орналасқан. Сонымен қатар АҚШ-тан келген туристер саны 17 пайызға артқаны тіркелді, сондай-ақ Жапония азаматтарының сапарлары да айтарлықтай көбейген. Дегенмен туристер саны бойынша көш бастап тұрғанына қарамастан, табыс көлемі жағынан Франция көршілес Испаниядан қалып отыр. 2025 жылы Испания 97 миллион қонақ қабылдап, туризмнен 105 млрд еуро табыс тапқан. Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы табыс айырмашылығы туристердің болу ұзақтығына байланысты. Францияға келген көптеген шетелдік қонақтар елде қысқа мерзімге ғана аялдап, оны Оңтүстік Еуропа елдеріне, мысалы, Италия, Испания немесе Грекияға барар жолдағы транзиттік бағыт ретінде пайдаланады. Ал Испания туристерді ұзақ уақытқа ұстап қалуға бейім, бұл бір туристке шаққандағы шығын көлемінің жоғары болуына әсер етеді. Осылайша, Франция туристер саны бойынша әлемдік көшбасшылықты сақтап қалғанымен, алдағы жылдары туризмнен түсетін табысты ұлғайту үшін саяхатшылардың елде болу мерзімін арттыру бағытында қосымша шаралар қабылдауы мүмкін.