ҚАЗАҚСТАН КҮНБАҒЫС МАЙЫ ЭКСПОРТЫНДА 8-ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені шикізат экспортынан дайын өнім шығаруға түпкілікті бет бұра бастады. Бұған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Үкімет отырысында жариялаған соңғы мәліметтері дәлел. Бүгінде еліміз күнбағыс майы экспорты бойынша әлемдік рейтингте 8-орынға тұрақтап, халықаралық нарықтағы салмақты ойыншыға айналды.

Министрдің айтуынша, бұл жетістікке тек егіс көлемін арттыру арқылы емес, қайта өңдеу саласына салынған жүйелі инвестициялардың арқасында қол жеткізілді. 2024-2025 жылдардың өзінде құны 58 млрд теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылған. Бұл зауыттардың жалпы қуаты жылына 1 млн тоннаға жуық шикізатты өңдеуге қауқарлы. Нәтижесінде, күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға жетті. Бұл — отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сыртқы нарықтағы сұраныстың жоғары екенін көрсететін айқын индикатор.
Үкімет бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Алдағы үш жылда жалпы құны 94 млрд теңге болатын тағы 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл қадамдар майлы дақылдарды өңдеу мүмкіндігін арттырады. Жаңа жұмыс орындарын ашады. Валюталық түсімді ұлғайтып, экспорттық географияны кеңейтеді. Жалпы Қазақстанның әлемдік үздік сегіздікке енуі — аграрлық сектордағы құрылымдық өзгерістердің жемісі. Ендігі міндет — осы позицияны сақтап қана қоймай, өңделген өнімнің үлесін еселеп, «Қазақстанда жасалған» брендін әлемдік брендке айналдыру. Ол күн де алыс емес деп сенеміз…

«Уақыт».