СЫН АЙТЫЛҒАН БАСТАМАНЫҢ БӘРІ СӘТСІЗ ЖОБА ЕМЕС…

цифрлық жүйе талай мәселенің бетін ашқан

Шымкент қаласының білім беру жүйесінде жүргізілген талдау нәтижелері мектептердегі еңбек заңнамасының сақталуы мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Осы орайда, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында бірқатар түйткілдер тарқатылды. Атап айтсақ, қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің мәлімдеуінше, «Sana» ақпараттық компонентін енгізу барысында педагогтердің жұмыс жүктемесі заңда белгіленген нормадан бірнеше есе асып кеткені анықталған.

Еңбек кодексіне сәйкес, педагогтің апталық нормативтік жүктемесі 16 сағат болып бекітілген. Ал бір жарым ставкамен жұмыс істеген жағдайда бұл көрсеткіш 24 сағаттан аспауға тиіс. Бұл туралы жуырда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да атап өткен еді. Алайда жүргізілген тексеріс барысында кейбір мұғалімдердің 40-50 сағат, тіпті 60-75 сағатқа дейін сабақ берген жағдайлары тіркелген. Мұндай көлемдегі жұмыс төрт штаттық бірлікке тең болса да, оны бір ғана педагог атқарып отырған фактілер кездескен. Бұл заң бұзушылықтар қаладағы 83 мектепте анықталып, 1286 мұғалімнің жүктемесі нормадан асып кеткені белгілі болды. Мұндай жағдай педагогтердің кәсіби күйзелісіне, сапалы білім беру процесінің әлсіреуіне және кадр тапшылығының тереңдеуіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар бұл мектептердегі кадрлық жоспарлаудың дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, кейбір білім беру ұйымдарында бір қызметкердің бір мезетте екі штаттық бірлікті қатар атқаруы да анықталған. Мысалы, оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқара отырып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың да штаттық бірлігін иеленген жағдайлар тіркелген. Бұл еңбек уақытының нақты мүмкіндігіне сәйкес келмейтінімен қатар, еңбек заңнамасына тікелей қайшы келеді. Оқу-ағарту министрлігі, прокуратура және еңбек инспекциясымен бірлескен талқылаудан кейін педагог жүктемесінің 24 сағаттан аспауға тиіс екені нақты бекітіліп, мектеп директорларына 1 қаңтардан бастап бұл талапты қатаң сақтау жөнінде ескерту жасалған. Бұл шешім бюджеттік жоспарлау жүйесіне байланысты жыл басынан бастап енгізіліп отыр.

Шымкенттегі білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе – кіші қызметкерлерге төленетін өңірлік үстемеақының заңсыз берілуі. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 211 ұйым бұл тәртіпті сақтамаған. Нәтижесінде 2845 қызметкерге қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Тарқатсақ, кейбіріне үстеме мүлде төленбеген, кейбіріне толық көлемде берілмеген, ал кейбір қызметкерлерге негізсіз төленіп келген. Осы заңсыздықтардың салдарынан бюджеттен 700 миллион теңгеден астам қаражат артық жұмсалған. Бұл қаржыны бюджетке қайтару үшін құзырлы органдарға тиісті ақпарат та жолданғанын айта кеткеніміз абзал.

Сонымен қатар қаладағы 2 мыңға жуық бос жұмыс орнының жарияланбауы да жұмысқа орналасу процесін қиындатқаны айтылды. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында 2 063 бос орын бар. Осыған байланысты педагогтерді қабылдау конкурсын орталықтандыру туралы шешім қабылданып, 15 топтан тұратын арнайы комиссия жасақталған. Комиссиялар конкурс процесінің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етпек. 29-30 қаңтар күндері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылатыны да хабарланды.

Білім беру саласындағы реформалардың қатарында мұғалімдерді ынталандыру шаралары да қарастырылып отыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен жыл сайын 100 үздік мұғалімге жыл бойы 200 мың теңге көлемінде грант беру жоспары қолға алынған. Бұл қолдау жоғары нәтиже көрсеткен педагогтердің мәртебесін арттырып, білім сапасын көтеруге бағытталған. Жалпы алғанда, Шымкент мектептерінде анықталған заң бұзушылықтар білім беру жүйесінде еңбек тәртібі мен қаржылық бақылауды күшейтудің маңызын көрсетті. Педагогтердің жұмыс жүктемесін реттеу, әділ төлем жүйесін қамтамасыз ету және кадрлық ашықтықты арттыру — алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Ал соңғы уақытта әлеуметтік желіде қатты сыналған «Sana» тарификациялау жүйесі осы міндеттерді мінсіз атқаруға мүмкіндік беріп отыр. Қош делік, жолғарыда аталған деректер сын садағына ілінген бастаманың бәрі сұрықсыз емесіне көзімізді жеткізді. Анығы сол, Шымкентте білім саласында ауқымды реформалар, өзгерістер жүріп жатыр. «Ұзын арқан, кең тұсау» заман келмеске кетіп барады. Осыны ұққандар жұмысты жүйелеп, заң талаптарын сақтаса, артық сандалмайды. Істің айқаймен емес, ақылмен шешілерін талай басшы түсініп келеді деген ойдамыз…

Қ.МОМЫНХАН.