2025 ЖЫЛЫ 746 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕНДІ

2025 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 655,7 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 90,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жарна алушылар саны шамамен 553,9 мың адам болса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 191,9 мың адам тіркелген. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 10 пайызға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 10 пайызға артты. Осылайша, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 1-топ үшін 111 872 теңге, 2-топ үшін 89 498 теңге, 3-топ үшін 61 021 теңге болды. 2026 жылығы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері — 72 409 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 306 теңге.
«Уақыт».




