СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ БОЙЫНША БАСҚОСУ ӨТТІ

Түркістан облысы үшін су ресурстарын тиімді басқару мәселесі соңғы жылдары стратегиялық деңгейге көтеріліп отыр. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы суға деген сұранысты арттыра түсті. Осындай жағдайда су инфрақұрылымын жаңғырту, басқару жүйесін жетілдіру және халықаралық озық тәжірибені енгізу өңір үшін аса маңызды міндетке айналды. Осы мақсатта Түркістан облысына Израиль мемлекетінің «Mekorot» ұлттық су компаниясының делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қабылдап, кездесу барысында тараптар су шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Әсіресе, су ресурстарын тиімді басқару, ауыз су қызметтерін цифрландыру, инфрақұрылымды жаңарту және тәжірибе алмасу бағыттарына ерекше назар аударылды. Бұл кездесу облыстың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы халықаралық әріптестікке ашық екенін айқын көрсетті. Кездесуде облыс басшысы Түркістан өңірі үшін су мәселесінің тек коммуналдық қызмет деңгейіндегі мәселе емес, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қауіпсіздікпен тікелей байланысты стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді, ал бұл су ресурстарын ұтымды пайдалануды талап етеді. Сонымен қатар халықты сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі.
Нұралхан Көшеров ауыз су қызметтерін цифрландырудың өзектілігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта облыс көлеміндегі 351 660 абонентті толық цифрландыру жұмыстары «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл жүйе су тұтынуды нақты есепке алуға, шығындарды азайтуға, төлем тәртібін жақсартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи басқару тәсілдері мен цифрлық технологияларды енгізу су шаруашылығы саласына жаңа серпін бермек. Өз кезегінде, «Mekorot» компаниясының президенті Даниэль Соффер компанияның негізгі қызмет бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол Израильдің су ресурстарын басқарудағы тәжірибесі климаттық тәуекелдер мен су тапшылығы жағдайында қалыптасқанын атап өтті. Компания су көздерін тиімді пайдалану, суды қайта өңдеу, жоғалтуларды азайту және интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу арқылы елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
«Mekorot» — 1937 жылы құрылған Израильдің мемлекеттік ұлттық су компаниясы. Ол ел аумағындағы су ресурстарын басқару және ұлттық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында біртұтас оператор ретінде жұмыс істейді. Компанияның тәжірибесі халықаралық ұйымдар тарапынан су тапшылығы мен климаттық өзгерістер жағдайында ең тиімді үлгілердің бірі ретінде мойындалған. Бұл тәжірибе су ресурстары шектеулі аймақтар үшін ерекше құнды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар су шаруашылығы саласындағы өзара әріптестікті дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты. Бұл Түркістан облысының су саласында ұзақ мерзімді және жүйелі өзгерістерге дайын екенін көрсетеді. Өңірдегі су мәселесінің ауқымын нақты деректер де айқындай түседі. 2025 жылдың қорытындысымен облыс аумағындағы 801 елді мекен — 7 қала мен 794 ауылдық елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Бұл — соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алайда соған қарамастан, бүгінгі таңда облыста 430 мыңнан астам халқы бар 155 елді мекенде ауыз су кестемен беріліп отыр. Бұл мәселе су көздерінің жеткіліксіздігі мен инфрақұрылымның тозуына байланысты туындаған.
Аталған проблеманы шешу мақсатында 2025-2028 жылдарға арналған арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Жоспар аясында су көздерін ұлғайту, желілерді жаңарту және басқару жүйесін жетілдіру көзделген. Нәтижесінде 2025 жылы 37 елді мекендегі 100 мың халық тәулік бойы ауыз сумен қамтылды. Ал биыл тағы 39 елді мекендегі осы мәселені толық шешу жоспарланып отыр. Су шаруашылығы саласындағы мұндай кешенді шаралар өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Ауыз судың қолжетімділігі — халықтың өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сонымен қатар бұл денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларының дамуына да оң ықпалын тигізеді.
Жалпы алғанда, Израильдің «Mekorot» компаниясымен өткен кездесу Түркістан облысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде бағалануға лайық. Халықаралық тәжірибені жергілікті ерекшелікпен ұштастыра отырып енгізу, цифрландыруды жүйелі түрде жүзеге асыру және ұзақ мерзімді жоспарлау — өңірдің су шаруашылығын тұрақты дамытудың негізгі тетіктері. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының климаттық және демографиялық сын-қатерлерге дайын болуына мүмкіндік береді.