ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Қазақстанда бұқаралық спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболды дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жаңа стадиондар салу, қолданыстағы футбол алаңдарын жаңғырту және салаға жеке инвесторларды тарту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.

Солардың бірі – жеке инвесторлардың қолдауымен салынып жатқан Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебі. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылысы аяқталу кезеңіне жақындап, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жоба өңірдегі балалар футболын жүйелі түрде дамытуға және жас спортшыларға кәсіби деңгейде дайындалуға мүмкіндік беретін маңызды орталық ретінде қарастырылып отыр. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салынып жатқан футбол мектебіне арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралау барысында ол жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Өз сөзінде Ертай Алтаев спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты дамыту ұлт денсаулығының негізі екенін атап өтіп, соңғы жылдары Түркістан облысында балалар спортының қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ футбол мектебінің құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманы жүзеге асырып жатқан азаматтарға сәттілік тіледі. Спорт саласын дамытуға бағытталған жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екені де айтылды.
Аталған спорт мектебі өңірдегі дарынды жас футболшыларды анықтап, оларды кәсіби деңгейге дейін тәрбиелеуге бағытталған. Мұнда жаттығатын балалар мен жасөспірімдер болашақта үлкен спорт аренасына шығып, өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар жаңа орталық балалар футболын кеңінен насихаттауға және кәсіби спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етпек. Спорт кешенінің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды және ол 3 гектар жер телімінде орналасқан. Қазіргі уақытта өлшемі 68×120 метр болатын ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Ал 200 орындық жатақхана мен 550 адамға арналған оқу ғимараты толық салынып біткен. Алдағы кезеңде қосымша ашық футбол алаңын және спорт кешенін салу жоспарланып отыр.
Бұл жоба Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулуға және отандық футболдың болашағын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.