АВТОМОБИЛЬ ӨНДІРІСІ РЕКОРДТЫҚ ӨСІМ КӨРСЕТТІ

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі 2025 жылы елеулі серпінмен дамып, ел экономикасындағы машина жасау секторын нығайтуда. «Қазақстан автомобиль одағы» мәліметіне сәйкес, өткен жылы барлық типтегі автокөлік құралдарының өндірісі 171 144 бірлікке жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға өскен. Өндірістің жалпы көлемі 2,3 трлн теңгеден асқанын да айта кеткен жөн.
Автокөлік өнеркәсібі машина жасау саласының 41,7 пайызын және өңдеу өнеркәсібінің шамамен 8 пайызын құрайды. Бұл сала өнеркәсіптік өсімнің негізгі қозғаушы күші ретінде өзінің жетекші рөлін сақтап отыр. 2025 жылы негізгі капиталға 113,6 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл қаржы өндірістерді жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын іске қосуға және автомобиль компоненттерін кеңейтуге бағытталды. Жаңа зауыттар Алматы мен Қостанайда іске қосылды. Олар – «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Kia Qazaqstan». Өндірістің өсуі жұмыспен қамтуды да арттырды. Автокөлік өнеркәсібінде еңбек ететін адамдар саны 11 153-ке жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 62,2 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш саладағы өндірістік қуат пен жаңа зауыттардың іске қосылуының нақты нәтижесін білдіреді.
Өндірістің құрылымына тоқталсақ, жеңіл автомобильдер өндіріс көлемінің басым бөлігін құрады. Нақсы саны — 158 944 бірлік. Коммерциялық техника өндірісі 12 200 бірлікке жетіп, 8 пайызға өсті. Аймақтық тұрғыдан Қостанай және Алматы облыстарындағы кәсіпорындар ең белсенді болды. Қостанайдағы «Allur» автомобиль зауыты 92 100 көлік шығарса, «Hyundai Trans Kazakhstan» 52 040 жеңіл көлік өндірді. Жаңа «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты іске қосылған алғашқы айларда 15 180 көлік шығарса, «Kia Qazaqstan» 2 885 бірлікті құрады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тұрақты қолдауы мен саланың даму стратегиясы автомобиль өнеркәсібінде жоғары қосылған құн өнімдерін көбейтуге бағытталған. Жаңа зауыттардың іске қосылуы тек өндірістік көрсеткіштерді арттырып қана қоймай, экономиканың әртараптануына, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және өңірлерде өнеркәсіптік инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда, 2025 жылғы өндіріс көрсеткіштері Қазақстан автомобиль өнеркәсібінің тұрақты өсуін, саланың жаңа инвестициялық жобаларға ашық екенін және мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың тиімділігін айқын көрсетеді. Автокөлік өнеркәсібінің дамуы елдің технологиялық әлеуетін арттыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал ететін маңызды фактор болып отыр.
«Уақыт».




