ТҮРКІСТАН – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА

Көшеров бастаған көштің көрсеткіштері көңіл қуантады

2025 жыл Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық серпіннің жаңа кезеңі ретінде тарихта қалды десек, артық айтпаған болар едік. Өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылды. Бұл жетістіктер Мемлекет басшысының тапсырмаларын нақты іске асырумен қатар, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің іскерлік басқаруы мен стратегиялық көшбасшылығының айқын көрінісі болды.

Ең алдымен инвестициялық ахуалға назар аударсақ, 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысына негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 пайыздық өсімді көрсетіп, жылдық жоспардың мерзімінен бұрын орындалғанын аңғартады. Мұндай жоғары нәтиже инвестиция тарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп, инвесторлармен тұрақты әрі нәтижелі байланыс орнатылғанын дәлелдейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестицияны өңір дамуының басты қозғаушы күші ретінде айқындап, бұл бағытты өзінің негізгі басымдығы ретінде белгілеп отыр. Инвестициялық белсенділіктің нақты нәтижесі ретінде өңірде 58 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, олардың 44-і 11 айдың ішінде пайдалануға берілгенін атап айтуға болады. Соның нәтижесінде 8000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер инвестицияның тек экономикалық емес, әлеуметтік әсерінің де жоғары екенін көрсетеді.
Сауда саласындағы өсім де облыстың экономикалық әлеуетінің нығайғанын аңғартады. 2025 жылы сауда көлемі 787,9 млрд теңгеге жетіп, өсім қарқыны 145,9 пайызды құрады. Бұл жоспардың толық орындалғанын білдіреді. Өсімнің негізгі үлесі бөлшек сауда саласына тиесілі болып, оның көлемі 426,3 млрд теңгеге жетіп, жалпы сауданың 54 пайызын құрады. Бұл өңір халқының сатып алу қабілетінің артқанын және ішкі нарықтың жандана түскенін көрсетеді. Көлік және қоймалау қызметі саласында да айтарлықтай серпін байқалды. Аталған саладағы қызмет көлемі 491,6 млрд теңгеге жетіп, 125,7 пайыздық өсім тіркелді. Байланыс қызметінің көлемі 10,9 млрд теңгені құрап, өсім 110,9 пайызға жетті. Бұл – цифрлық инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасының артқанын білдіретін маңызды көрсеткіш.
Өнеркәсіп саласы облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі ретінде дамуын жалғастырды. 2025 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өсім 112,5 пайызды құрады. Өсім тау-кен өнеркәсібі, тамақ өнімдері, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау салалары есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібінде 665,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 110,9 пайызды құрады. Бұл жоспардан 3,1 пайызға артық. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында өңдеу саласында 59 млрд теңгеге 18 жобаны іске асыру жоспарланып, 11 айда оның 12-сі іске қосылды. Нәтижесінде 1 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – облыс әкімінің индустрияландыруға ерекше мән беріп отырғанының айқын дәлелі.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Халықты табиғи газбен қамту мәселесі жүйелі түрде шешіліп келеді. 2025 жылы 87 газдандыру нысанының құрылысы қолға алынып, оның 45-і аяқталды. Нәтижесінде 70 мың халқы бар 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Жалпы облыста газдандыру деңгейі 606 елді мекенге жетіп, 75,1 пайызды құрады. 1,9 млн адам көгілдір отынмен қамтылып, тұрғындарды қамту көрсеткіші 88,9 пайызға жетті. Бұл ғана емес, Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясының іске қосылуы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырса, «Еврохим» магистральді газ құбырындағы жұмыстар мен Жамбыл облысымен газ желілерін байланыстыру жөніндегі жол картасы өңіраралық ынтымақтастықтың нығайғанын көрсетеді. Сайрам ауданындағы Құтарыс пен Қызылжар елді мекендерінің газға қосылуы да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болды.
Коммуналдық инфрақұрылым саласында 2025 жылы 257 нысанның құрылысы жүргізіліп, 126 нысан пайдалануға берілді. Ауыз сумен қамту бағытында 82 нысанға 53 млрд теңге бөлініп, 42 жоба аяқталды. Қалған 8 елді мекенде кешенді-блок модульдерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Кәріз жүйелері бойынша 17 нысанның құрылысына 6,9 млрд теңге бөлініп, оның 8-і пайдалануға берілді. Бұл салада да жүйелі ілгерілеу бар. Электр энергиясымен қамту мақсатында 54 нысан салынса, оның 29-ы аяқталып, 52 мыңнан астам халқы бар 27 елді мекен сапалы электр қуатына қол жеткізді. Жылу желілерін жаңғырту нәтижесінде Кентау қаласында тозу деңгейі 65 пайыздан 41 пайызға дейін төмендеді.
2025 жылдың желтоқсан айының өзінде өңірде 7 зауыттың ашылуы, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының капсуласының салынуы Түркістан облысының индустриялық даму қарқынының жоғары екенін көрсетеді. Бұл Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын дәлелдейді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту да облыс әкімінің стратегиялық шешімдерінің бірі болды. Өңірде 20 индустриалдық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңгеге 50 жоба іске қосылды. «Turan» АЭА аумағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда. Созақтағы уран өңдеу кешені, Отырардағы мақта өңдеу және тамшылатып суару зауыттары, Түлкібастағы сусын өндірісі, Сайрамдағы ет комбинаты, Ордабасыдағы алюминий зауыты, Кентау мен Түркістандағы өндірістік жобалар – барлығы өңір экономикасын әртараптандырып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Әсіресе «Түркістан тоқыма» кешенінің іске қосылуы өңір үшін стратегиялық маңызға ие жоба ретінде бағаланып отыр.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысында қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4 пайызды құрап, өңір республика бойынша үздік үштіктің қатарына енді. Бұл – кездейсоқ нәтиже емес, нақты жоспар, қатаң бақылау және тиімді басқарудың жемісі. Осы тұрғыда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің рөлі ерекше. Ол өңір дамуын тек статистикалық көрсеткіштермен емес, нақты өндіріс, жұмыс орындары, инфрақұрылым және халықтың өмір сапасы арқылы өлшейтін басқарушы ретінде өзін нақты нәтижемен көрсетіп келеді. Инвесторлармен тікелей жұмыс, индустриялық жобаларды жеке бақылауда ұстау, аудан мен қала әкімдерінен нақты нәтиже талап ету — оның көшбасшылық стилінің басты ерекшеліктері.
Түркістан облысы дотациялық өңірден өзін-өзі қамтамасыз ететін индустриялық аймаққа айналу жолына нақты қадам басты. Бұл үдерісте облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің үлесі айрықша. Алдағы жылдары басталған жобалардың толық іске асуы өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, Түркістанды елдің жетекші индустриялық өңірлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік беретіні анық. Мұны негізсіз айтып отырғанымыз жоқ. Өткен жылдың көрсеткіштері мен нәтижесі соны айғақтайды. Қош, халқы еңбекқор, жері бай, тіршілігі тынымсыз өңірдің өңі кіріп келеді. Мұның артында еселі еңбектің жатқаны айтпаса да белгілі деп ойлаймыз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.