БЕДЕЛДІ БАСЫЛЫМ АЛМАТЫНЫ ҮЗДІК ТУРИСТІК БАҒЫТТАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ҚОСТЫ

Қазақстанның соңғы жылдары туристік тартымдылығы артып, әлемдік саяхат картасында бекем орын ала бастағаны байқалады. Бұған халықаралық деңгейде жарияланған тәуелсіз рейтингтер мен шетелдік басылымдардың қызығушылық танытуы дәлел бола алады. Соның бірі – әлемге танымал «Bloomberg» басылымының Алматыны 2026 жылы баруға тұрарлық әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына енгізуі. Бұл жаңалықты «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жариялап, оның ел туризмінің дамуы үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Bloomberg» ұсынған тізімде Алматының болуы кездейсоқ емес. Басылым қаланың туристік тартымдылығының соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанын, оның жыл бойы сұранысқа ие бағыт екенін ерекше көрсетеді. Алматының ерекшелігі – мегаполис мәдениеті мен табиғи ландшафтардың бір-бірімен үйлесуі. Қалада заманауи өнер кеңістіктері, тарихи нысандар, гастрономиялық орындар көптеп бой көтеруде, ал бірнеше шақырым жерде Іле Алатауының әсем табиғаты саяхатшыларды өзіне тартып тұрады. «Bloomberg» Алматы жайлы талдауында қаланың шығармашылық энергиясы жоғары екенін жазады. Орталық Азия кеңістігінде заманауи мәдениет, жастар белсенділігі, креативті индустриялар дамып келеді, ал Алматы осы үрдістің орталығына айналып отыр. Бұл пікірді нақты деректер де растайды. Тарқатсақ, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында қалаға 2,5 миллион турист келген, бұл — тарихи рекорд. Туристердің бір бөлігі Зенков соборы секілді сәулет нысандарын немесе Жасыл базардағы ұлттық тағамдар мен жергілікті өнімдер сатылатын сауда қатарларын көру үшін келеді. Енді бірі тауға қызығушылық танытады.
Қаладағы маусымдық туризмнің дамуы да Алматыны ерекше етеді. «Bloomberg» қыста Шымбұлақтың тау шаңғысы трассалары туристерге айрықша әсер сыйлайтынын атап өтеді. Бұл бағыттың сұранысы тек өңірлік деңгейде емес, халықаралық деңгейде де өсіп келеді. Шымбұлақтың инфрақұрылымы, жаңа кешендері, қызмет көрсету деңгейі әлемдік стандарттарға бейімделгені байқалады. Алматының мәдениет саласына бағытталған ірі инвестициялар да туристік ағынның өсуіне ықпал етіп отыр. Қаланың мәдени инфрақұрылымы соңғы жылдары айтарлықтай жаңарып, жаңа галереялар, креативті хабтар, ашық алаңдар, концерттік орындар пайда болды. Ірі халықаралық іс-шараларды қабылдау тәжірибесі қалыптасты. Бұл үрдіс қаланы тек табиғи ландшафттарымен ғана емес, мәдени атмосферасымен де тартымды етті.
«Kazakh Tourism» басшылығының айтуынша, Алматының үздік 25 бағыт қатарына енуі халықаралық мойындаудың маңызды белгісі. Бұл «Visit Almaty» ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі әрі Қазақстанның жаһандық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді. Соңғы жылдары ел көптеген беделді халықаралық рейтингтерде көрініп жүр, бұл әлемдік аудиторияның Қазақстанға қызығушылығының күшейгенін айғақтайды. Мұндай мойындаулардың ел экономикасына да оң әсері бар. Туризм саласы дамытуға қолайлы мультипликативті бағыттардың бірі саналады. Өйткені қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік қызметтері, креативті индустриялар сияқты секторлар қатар дамиды. Алматының жаһандық деңгейде танымал болуы шетелдік инвестицияның артуына, жаңа жобалардың жүзеге асуына және қаланың халықаралық имиджінің нығаюына ықпал етеді.
Алматының әлемдік үздік бағыттар қатарына енуі – Қазақстан үшін стратегиялық мүмкіндік. Бұл тек қалаға турист тарту емес, ел туралы ой қалыптастырудың жаңа кезеңі. Қаланың табиғи сұлулығы, мәдени әртүрлілігі, гастрономиялық ерекшелігі және қарқынды дамып жатқан инфрақұрылымы оның болашақта аймақтың жетекші туристік хабына айналу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетеді.




