2025 ЖЫЛЫ АПТАП ЫСТЫҚ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІН АЙТАРЛЫҚТАЙ АЛАҢДАТТЫ

2025 жылы жаһандық климаттық өзгерістердің қаншалықты қауіпті әрі шынайы құбылысқа айналғанын бүкіл әлем анық байқады. Ең ыстық жылдардың бірі ретінде бағаланып отырған бұл кезең адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасына түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Климаттың жылынуы енді тек ғалымдардың болжамы немесе болашақтың қаупі емес, күнделікті өмірге тікелей әсер етіп отырған нақты шындыққа айналды.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректеріне сүйенсек, 2024 жыл тарихтағы ең жылы жыл болса, 2025 жылы да жаһандық температура көптеген өңірде рекордтық деңгейге жетті. Ұйым сарапшылары бұл жылды бақылау тарихындағы екінші немесе үшінші ең ыстық жыл болуы мүмкін деп бағалап отыр. Ең алаңдатарлығы – алдағы бес жылда да температура көрсеткіштері осы деңгейде немесе соған жақын көрсеткіште сақталуы ықтимал. Бұл жағдай климаттық тұрақсыздықтың ұзақ мерзімді сипат алып бара жатқанын аңғартады. Климаттың өзгеруі ең алдымен су ресурстарына ауыр соққы болып тиюде. Дүниежүзілік су ресурстары жай-күйі туралы есепте су айналымының барған сайын тұрақсыз әрі шектен тыс сипат алып бара жатқаны атап өтілген. Бүгінде әлемде шамамен 3,6 млрд адам жылына кемінде бір ай ауызсу тапшылығын сезінеді. Егер жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 млрд адамнан асуы мүмкін. Бұл — тек экологиялық емес, әлеуметтік және гуманитарлық дағдарыстың да белгісі.
2025 жылғы аптап ыстықтың басты себептерінің бірі — атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық деңгейге жетуі. Өнеркәсіп, көлік, энергия өндірісі салаларындағы жауапсыздық табиғи тепе-теңдікті бұзып, оның салдарын миллиондаған адам сезініп отыр. Аптап ыстық адам денсаулығына тікелей қауіп төндіріп қана қоймай, ауыл шаруашылығына, энергетикаға және азық-түлік қауіпсіздігіне зор зиян келтірді. Жаз айларында көптеген елде температура климаттық нормадан айтарлықтай асып түсті. Мыңдаған адам аптаптың салдарынан қаза тауып, ондаған мың тұрғын ауруханаға түсті. Еуропада орман өрттері мен құрғақшылық жиілеп, тұтас аймақтардың экожүйесіне нұқсан келді. Ғалымдардың есебінше, тек маусым-тамыз айларының өзінде Еуропаның жүздеген қаласында ыстыққа байланысты ондаған мың адам көз жұмған. Бұл көрсеткіштердің басым бөлігі климаттың өзгеруінен туындаған температура өсімімен тікелей байланысты.
Азия құрлығында да жағдай күрделі болды. Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Пәкістан және Иран секілді елдерде рекордтық температура тіркеліп, кей өңірлерде қалыпты өмір тұралады. Құрғақшылық салдарынан су қоймалары тартылып, ауыл шаруашылығы өнімділігі төмендеді. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға ауыр соққы болып тиюде. Климаттың өзгеруіне бейімделу мен оның салдарын азайту тек мемлекеттердің емес, әрбір азаматтың саналы таңдауына айналуы тиіс. 2025 жылдың климаттық өзгерістері адамзатқа айқын белгі беріп отыр. Егер бүгін әрекет етпесек, ертеңгі қауіп әлдеқайда ауыр болады.