ОҚУШЫЛАРМЕН АПТАЛЫҚ ЖИНАЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазіргі қоғамда балалардың денсаулығы, өмір қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы мен қорғалған ортада білім алуы – әрбір білім ұйымының басты міндеті. Әлеуметтік ортадағы түрлі қауіптер, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар, киберкеңістіктегі жаңа қатерлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілік секілді мәселелер бүгінгі күні тек ата-ананың емес, бүкіл педагогикалық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігіне айналып отыр.

Осыған байланысты Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Хамза атындағы №108 жалпы орта білім беретін мектепте 2025 жылдың 1 желтоқсаны күні маңызды әрі мазмұнды профилактикалық жиналыс ұйымдастырылды. Кездесуді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Дилмира Джаматова мен Сұлтанбай Юнусалиев, мектеп педагог-психологтары Камила Каримбаевна Халметова мен Наргиза Нарметова, сондай-ақ аға тәлімгер Ширин Миромарова бірлесе жүргізді. Жиынға 5, 6, 7-сынып оқушылары қамтылып, олардың жас ерекшеліктеріне сай, өмір қауіпсіздігін сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру және жауапкершілік сезімін қалыптастыру тақырыптары кеңінен түсіндірілді. Жиналыстың негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандардың арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының жолын кесу, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін болдырмау, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың зиянын түсіндіру, сондай-ақ ерте жүктіліктің салдары туралы ашық әрі түсінікті профилактикалық ақпарат беру болды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында соңғы жылдары жиі кездесетін өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу бағытына да ерекше көңіл бөлінді. Психологтар балаларға эмоционалдық қысым, күйзеліс, кибербуллингке тап болған жағдайда кімге жүгіну керектігін, көмек сұраудың қалыпты әрі қажетті әрекет екенін түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылардың мектеп ережелерін бұзбауы, оқу процесіне жауапкершілікпен қарауы туралы да егжей-тегжейлі айтылды. Әсіресе, сабаққа кешікпеу, мектеп қабырғасына ұялы телефон алып келмеу туралы талаптар нақты түсіндірілді. Тәжірибе көрсеткендей, оқушының алаңсыз білім алуы үшін гаджеттердің шектен тыс пайдаланылуы оқу тәртібін бұзатын негізгі факторлардың бірі болып отыр. Осыған байланысты педагогтар оқушылардың назарын сабаққа аударудың маңызын атап өтті. Қауіпсіздік мәселелері тек моральдық тәрбие немесе құқықтық сауатпен шектелмейді. Күнделікті тұрмыста да балалар өзін қорғауды білуі тиіс. Бұл ретте газдан уланудың алдын алу, қыс мезгіліндегі көк тайғақта жүру ережелері, жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік – барлығы да жиналыс тақырыбының маңызды бөлігі болды. Оқушыларға бағдаршам белгілерін сақтау, жаяу жүргінші өткелінен өту, қоғамдық орында қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамау керектігі түсіндірілді. Мектеп әкімшілігі тәртіп пен қауіпсіз ортаны қалыптастыру үшін кейбір заттарды мектепке әкелуге қатаң тыйым салынғанын қайта еске салды. Бұл талаптар оқушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі тұрақты оқу ортасын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Ережелерді қасақана бұзған жағдайда мектеп тарапынан тиісті шаралар қолданылатыны ескертілді.
Жиналыс барысында барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, балалардың сұрақтарына жауап берілді. Психологтар, тәлімгерлер және жауапты мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларға өмірде кездесуі мүмкін қиын жағдайлардан қалай шығу керектігі туралы бағыт-бағдар берді. №108 мектепте өткізілген бұл профилактикалық кездесу оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, өз өміріне жауапкершілікпен қарауына бағытталған маңызды шара болды. Мұндай жүйелі жұмыстар жасөспірімдердің қорғалған, сенімді ортада білім алуына жағдай жасап, олардың тұлғалық дамуына, қауіпсіздігіне және саналы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосады.