ӘДЕБИЕТКЕ ҚҰШТАРЛЫҚТЫ ОЯТҚАН ӘСЕРЛІ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №78 жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламгер Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына арналған мазмұнды тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шараға 4 «В» сынып оқушылары қатысып, жазушының өмір жолы, шығармашылық мұрасы және қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. Бұл тәрбие сағаты жылдық жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, жас оқырмандардың әдебиетке деген ықыласын арттыруға бағытталды.
Шараны сынып жетекшісі Жанар Абатова мен мектеп кітапханашылары бірлесе жүргізді. Олар оқушыларды жазушының өмірбаяны, шығармашылық кезеңдері және қаламгердің балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлкен үлесімен таныстыруды мақсат етті. Сапарғали Бегалин – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Оның шығармалары жас буынға мейірім, еңбекқорлық, адамгершілік сияқты қасиеттерді дарытатын тәрбиелік мағынаға толы. Оқушылар кездесуге ерекше дайындықпен келді. Олар қаламгердің өлеңдері мен жұмбақтарын, әңгімелерінен үзінділерді жатқа оқып, мазмұнын талдады. Жұмбақтарының тапқырлығы мен әңгімелеріндегі тәрбиелік ойлар балаларға ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, жазушының бала психологиясын терең түсініп, шығармаларында балалардың табиғи мінезін шынайы көрсететін тұстары оқушылардың қызығушылығын оятты. Тәрбие сағаты барысында балалар өз өнерлерін де ортаға салды. Ән орындап, шараның тәрбиелік және рухани мазмұнын байыта түсті. Әдебиетке деген құрмет тек оқумен шектелмей, шығармашылық қабілетті дамытуға да жол ашты.
Мектеп директоры Ақмарал Каналқызы іс-шара соңында сөз сөйлеп, тәрбие сағатының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол оқушылардың белсенділігін, мұғалімдер мен кітапханашылардың еңбегін ерекше бағалап, алғысын білдірді. Мектеп басшысының айтуынша, осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, әдебиет пен мәдениетке жақын болуға тәрбиелейді. Сапарғали Бегалиннің 130 жылдық мерейтойына арналған бұл тәрбие сағаты оқушылар үшін тек әдеби тұлғамен танысу ғана емес, рухани дүниесін байытқан маңызды тәжірибе болды. Жазушының өнегелі мұрасы жас буынға адамгершілік, ізгілік, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерді меңгеруге ықпал етіп, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырды. Осындай тағылымға толы іс-шаралар өскелең ұрпақтың мәдени деңгейін көтеруге, рухани дамуына және ұлттық әдеби мұраға деген құрметін қалыптастыруға зор үлес қосатыны анық.