ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ – ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ӨЛШЕМІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №88 жалпы орта білім беретін мектебінде өткен «Заң бәріне ортақ: құқықтық сауаттылық – заман талабы» атты тағылымды кездесу жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Бұл жиынға прокуратура саласының ардагері Смайлов Оразалы Сүлейменұлы арнайы шақырылып, мектептің өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшылары мен жоғары сынып оқушылары қатысып, ел заңнамасының мәні мен құқықтық тәртіптің қоғамдағы рөлі туралы терең түсінік алды.

Бұл іс-шара «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен тікелей байланысты. Бағдарлама жастарды құқыққа құрметпен қарауға, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын бойына сіңіруге, азаматтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Жастардың санасына заң алдында бәрі тең деген қағиданы орнықтыру – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Кездесудің негізгі мақсаты кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ прокуратура саласының қызмет ерекшелігімен таныстыру болды. Оразалы Сүлейменұлы өзінің бірнеше онжылдық кәсіби жолындағы тәжірибесін бөлісіп, заңды білу, оны құрметтеу және әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарау – кез келген азаматтың басты белгісі екенін атап өтті. Оның әңгімесінде жасөспірімдерге ой салатын өмірлік мысалдар да жеткілікті болды. Ардагер өзінің қызметтік жолында күнделікті кездесетін мәселелердің басым бөлігі қарапайым құқықтық сауатсыздықтан туатынын, заңды білмеу адамдарды түрлі қатерлі жағдайларға әкелетінін айтты. Сол себепті құқықтық мәдениет мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс.
Оқушылар спикерге қоғамдағы әділдік ұғымы, заңның атқарушы органдарда қалай жүзеге асатыны, прокуратураның азаматтардың құқығын қорғаудағы рөлі жөнінде сұрақтар қойып, мазмұнды пікірталас жүргізді. Бұл – жастардың тек ақпаратты тыңдап қана қоймай, құқықтық мәселелерге белсенді қызығушылық танытатындығын дәлелдеді. Кездесу жастардың тұлғалық дамуына да зор ықпал етті десек, артық айтпаған болар едік. Болашақ мамандықты таңдаудағы бағдар, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі, адал еңбектің қадірі жөніндегі әңгімелер жас буынның дүниетанымын тереңдетіп, оларды жаңа мақсаттарға жетеледі. Оразалы Сүлейменұлының өмірлік ұстанымы, қызметке деген адалдығы мен табандылығы — оқушылар үшін үлгі боларлық өнеге. Бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Жасөспірімдер қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өз құқығын біліп, өзгенің құқығын құрметтеуді үйренеді. Дәл осындай кездесулер құқықтық тәртіпті сақтау мәдениетін күшейтіп қана қоймай, жастардың бойында азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады.
Қорытындысында мектеп басшылығы мұндай мазмұнды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Өйткені құқықтық білім – кез келген қоғамның берік іргетасы. Ал адалдық пен әділдікке негізделген тәрбие – «Адал азамат» бағдарламасының басты миссиясы. Осылайша, №88 мектепте өткен бұл шара жас ұрпаққа заң үстемдігін түсіндірумен шектелмей, оларды саналы, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптастыруға елеулі үлес қосты.