ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Шымкент қаласының даму қарқыны соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өнеркәсіп, логистика, құрылыс, қызмет көрсету салалары бойынша ауқымды жобалар жүзеге асып жатқан уақытта, агроөнеркәсіп те назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бұған Польшаның «Fabe-Agro» компаниясымен бірлесе жүзеге асыратын, құны 137 миллион доллар болатын жаңа жылыжай кешені – айқын дәлел. Шаһар әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен капсула салу рәсімі тек символдық шара ғана емес, өңірдің экономикалық бағытын айқындайтын маңызды кезеңнің бастауы болды.
Бұл жоба – ішкі нарықты сапалы өніммен тұрақты қамтуға, экспорт әлеуетін күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған стратегиялық бастама. Жоба аяқталғаннан кейін жылына 36 мың тонна көкөніс өндіріліп, мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ауқымы жағынан бұл кешен Шымкенттің ғана емес, бүкіл еліміздің агроөнеркәсіп картасындағы ірі нысандардың біріне айналмақ. Жылыжай кешені Шымкенттің Мәртөбе тұрғын алабында 144 гектар аумақта салынады. Мұндай көлемдегі нысанға заманауи инфрақұрылым қажет. Қазірдің өзінде электр, су, газ және жол инфрақұрылымын жеткізу жұмыстары басталып кеткен. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – жобаның табысты жүзеге асуының басты факторы. Польша тәжірибесі мен заманауи агротехнологияларды енгізу кешеннің тиімділігін арттырады. Автоматтандырылған суару жүйесі, климаттық бақылау, энергия тиімділігі жоғары материалдар және егін айналымын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік беретін инновациялық шешімдер қолданылмақ. Бұл нәтижесінде өнім көлемін ғана емес, өнім сапасын да жаңа деңгейге көтереді. Жылына 36 мың тонна көкөніс өндіру – бір ғана жылыжай кешені үшін аса жоғары көрсеткіш. Бұл көлем ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға едәуір әсер етеді. Көкөністердің маусымаралық тапшылығы азайып, қала тұрғындарына сапалы әрі балғын өнім жеткізіледі. Азық-түлік қауіпсіздігі – мегаполистер үшін стратегиялық мәселе, ал мұндай жобалар оны нығайтып, сыртқы тәуелділікті төмендетеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өткендей, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы Шымкенттің жалпы экономикалық өсіміне тікелей ықпал етеді. Жаңа өндірістердің ашылуы, жаңа технологиялардың енгізілуі, еңбек нарығының жандануы қала дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.
Шымкент соңғы жылдары инвесторларға қолайлы қала ретінде танылып келеді. Инвестиция тарту — тек экономикалық сұраныс емес, бәсекеге қабілетті болудың маңызды шарты. Бұл тұрғыда әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылымды жылдам жеткізу қалаға деген сенімді арттырады. «Fabe-Agro» секілді халықаралық компанияның келуі де — осының айғағы. Қала әкімінің ұстанымына сәйкес, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өндіріс көлемін арттыратын кез келген инвесторға қолдау жалғаса бермек. Агросектордағы бұл жоба – алдағы жылдары іске асатын басқа да ірі бастамалардың бастауы болуы мүмкін. Жоба тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға арналған құрал ғана емес. Оның әлеуметтік маңызы да зор. Тарқатсақ, мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Озық агротехнологияларды меңгерген жаңа мамандар шоғыры қалыптасады. Мәртөбе тұрғын алабының инфрақұрылымы жаңарады. Жылыжай кешендері суды үнемдеп, жер ресурсын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Шымкент дәстүрлі түрде өндіріс пен сауда қаласы саналады. Алайда соңғы жылдары қала аграрлық бағытты да стратегиялық маңызды салалардың қатарына қоса бастады. Бұл тенденция өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандыруға жағдай жасайды. Егістік азайып жатқан жаһандық жағдайда жылыжай кешендері аграрлық тұрақтылықтың негізгі драйверіне айналып келеді. Жаңа кешен іске қосылған соң Шымкент Түркістан облысы және солтүстік өңірлер үшін ірі көкөніс жеткізуші хабқа айналуы мүмкін. Экспорт бағытын да қарастыруға мүмкіндік туады. Қазақстандық жылыжай өнімдерінің сапасы Еуразиялық нарықта жоғары бағаланып келеді, сондықтан бұл жоба халықаралық нарыққа шығуға да жол ашады.
Шымкентте басталған 137 миллион долларлық жылыжай кешенінің құрылысы — тек бір жобаның тарихы емес, қаланың агроөнеркәсіптік бағыттағы жаңа дәуірінің бастауы. Бұл — мемлекеттік қолдау мен халықаралық инвестицияның табысты нәтижесі. Қала үшін бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, инновациялық технологиялар енгізуге мүмкіндік береді. Өндіріс көлемі ұлғайып, баға тұрақтанып, қала тұрғындарына сапалы өнім қолжетімді болады. Тұрақты даму, өңірлік бәсекеге қабілеттілік және әлеуметтік тұрақтылық осы жобаның негізгі нәтижелері болмақ. Қош делік, жаңа жобадан күтеріміз көп. Нәтиже де көңілге қонымды боларына сенімдіміз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




