ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ – БІРТҰТАС ҮДЕРІС

Өткен аптада Шымкент қаласындағы №87 жалпы орта білім беретін мектеп базасында білім беру ұйымдарының басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға арналған «Тәрбие мен оқыту – біртұтас үдеріс: мектептегі үйлесімді басқару мен тиімді әдістеме» тақырыбында оқыту семинары өтті. Бұл семинардың негізгі мақсаты – тәрбие мен оқыту үдерістерін өзара сабақтастыра отырып, мектептегі басқару жүйесін жетілдіру және педагогтердің әдістемелік шеберлігін арттыру болды.
Қазіргі білім беру жүйесінде оқыту мен тәрбиені бір-бірінен бөле қарау мүмкін емес. Өйткені тұлғаны жан-жақты қалыптастыру – тек білім берумен шектелмейді, ол рухани және адамгершілік құндылықтарды дарытумен тығыз байланысты. Осы тұрғыда өткен семинар мектепішілік басқарудағы үйлесімділікті қамтамасыз етудің маңызын ашып көрсетті. Семинар барысында қатысушылар тиімді әдістемелер мен заманауи басқарушылық тетіктерді талқылады. Тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы жаңа бағыттар, оқушылардың құндылықтық бағдарын қалыптастыру жолдары мен ұжым ішіндегі ынтымақтастық мәдениетін дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды. Іс-шара тәжірибе алмасу алаңына айналып, әр мектептің өкілдері өз тәжірибелерін бөлісті. Қатысушылар өзара пікір алмасып, мектептер арасындағы кәсіби байланысты нығайту жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді. Мұндай тәжірибе педагогикалық қауымдастықтың бірлігін арттырып, ортақ мақсатқа жұмылуға септігін тигізді.
Семинардың қорытындысында ұйымдастырушылар бұл шараның педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сонымен қатар мектептердегі тәрбие мен оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеруге зор ықпал ететінін атап өтті. Жалпы «Тәрбие мен оқыту – біртұтас үдеріс» тақырыбындағы бұл семинар қазіргі заман мектебінің басты ұстанымын айқындады. Яғни сапалы білім мен саналы тәрбие – ел болашағының негізі. Осындай мазмұнды іс-шаралар мектеп басшылары мен педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, білім саласындағы жүйелі дамуға жол ашады.




