ШЫМКЕНТТІК КОЛЛЕДЖ АСПАЗДАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ТОП ЖАРДЫ

Елордада өткен «ASTAUfest-2025» VI Халықаралық гастрономиялық фестивалі биыл да жас мамандар мен кәсіби аспаздардың шеберлігін сынайтын маңызды алаңға айналды. 2025 жылдың 28 қыркүйегі мен 2 қазаны аралығында өткен бұл байқауда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген қатысушылар өз өнерін көрсетті. Солардың ішінде Шымкент қаласындағы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі ерекше табысқа қол жеткізді.

Білім ордасының студенттері мен ұстаздарынан құралған команда 9 түрлі номинация бойынша сынға түсіп, командалық есепте І орынды иеленді. Бұл – тек колледждің ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының беделін арттырған зор жетістік. Команда 1 бас жүлде, 7 бірінші орын және 1 екінші орынды жеңіп алды. Мұндай нәтижеге жету – қатысушылардың кәсіби дайындығының, тәжірибесінің және өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілігінің айғағы. Байқау барысында жас аспаздар ұлттық және заманауи тағам түрлерін ұсынды, дәм мен сапа, безендіру мен технологиялық шеберлік тұрғысынан жоғары бағаланды. «ASTAUfest-2025» фестивалі жыл сайын гастрономия саласында бәсекеге қабілетті мамандарды анықтауға, тәжірибе алмасуға және отандық кулинария мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған. Биылғы шарада қазақстандық қатысушылармен қатар Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген аспаздар да бақ сынады. Осындай ауқымды додада шымкенттік команданың үздік шығуы – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын дәлелдейді.
Айта кету керек, 2 қазан – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Сондықтан бұл жеңіс ұстаздар мен студенттер үшін мерейлі сәтке айналды. Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі соңғы жылдары өндірістік оқыту жүйесін жетілдіріп, студенттерді заманауи технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеп келеді. Колледж базасында ашылған тәжірибелік зертханалар мен оқу-өндірістік асханалар халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Осы жағдайлар студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Шымкент қаласының білім саласы үшін бұл жетістік – өңірлік білім беру жүйесінің дамып келе жатқанын, ал жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтың арта түскенін көрсетеді. Әсіресе, гастрономия саласы ел экономикасы мен туризмінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Осылайша, «ASTAUfest-2025» фестиваліндегі жеңіс – шымкенттік жас аспаздардың еңбегі мен табандылығының, ұстаздардың кәсіби шеберлігінің және өңірдің білім беру әлеуетінің нақты дәлелі болды. Бұл табыс алдағы уақытта колледж студенттерін жаңа белестерге жетелейді және техникалық білім беру саласының беделін арттыра түседі.