ҚАЗАҚ АСТЫҒЫ ЖАҢА НАРЫҚТАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы — ел экономикасының ең маңызды тіректерінің бірі. Әсіресе, дәнді дақылдар, оның ішінде бидай мен арпа Қазақстанның аграрлық әлеуетін айқындайтын басты өнімдер саналады. Жуырда Сенаттың жалпы отырысында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің астық экспортына қатысты бірқатар маңызды мәліметтермен бөлісті.
Министрдің айтуынша, Қазақстан соңғы уақытта бұрын болмаған жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде Вьетнам, Марокко және Әзербайжан сынды елдерге бидай жеткізу жолға қойылған. Арпа экспорты бойынша Қазақстан Иран нарығында көш бастап тұр. Бұрын-соңды болмаған экспорт бағыттарының ашылуы — отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Серік Жұманғариннің сөзінше, мемлекет тарапынан астық экспортын қолдау саясаты жүргізіліп жатыр. Бұл — агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы үшін айрықша маңызға ие. Алайда бұл қолдау түрлері ашық жарияланбайды. Мемлекеттік қолдаудың жасырын түрлері — нарықтың тұрақтылығын сақтап, бәсекелестікке зиян келтірмеу мақсатында қолға алынғаны анық. Өйткені халықаралық нарықта Қазақстанмен қатар дәнді дақылдарды экспорттаушы ірі елдер — Ресей, Канада, АҚШ сынды алпауыттар бар. Солармен иық теңестіру үшін отандық өндірушілерге қолдау тетіктері қажет.
Жалпы алғанда, өткен жылдың ішінде Қазақстан 11 айға жетпейтін уақытта шамамен 11 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін шетелге шығарған. Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Мұндай көлемнің қалыптасуы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін растап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа бағытталуы — ішкі өндірісті ынталандырып қана қоймай, сыртқы нарықта Қазақстанның имиджін арттыруға да оң әсерін тигізеді. Қорытсақ, ауыл шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдаулар өз жемісін бере бастады. Ендігі басты міндет — бұл үрдісті тоқтатпай, өнім сапасын, өңдеу көлемін арттырып, экспорттық бағыттар тізімін ұлғайту. Өйткені қазіргі жаһандық бәсекеде тек шикізат сатумен шектелу жеткіліксіз.
О.ҚАСЫМ.