ТҮРКІСТАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІККЕ АШЫҚ ӨҢІР

Түркістан облысы соңғы жылдары экономикалық серпіліс пен халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында аймақтар белсенді жұмыс жүргізуде. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары. Бұл сапар өңір мен Азия-Тынық мұхиты аймағы арасындағы экономикалық байланысты тереңдетіп, жаңа стратегиялық бағыттардың негізін қалады.
Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өткен келіссөздерде Түркістан делегациясы ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм салаларындағы 20-ға жуық нақты инвестициялық жоба бойынша келісімдер жүргізді. Бұл жобалар тек экономикалық емес, сонымен қатар технологиялық жаңғыру мен адами капитал сапасын арттыруға бағытталған. Сапардың басты ерекшелігі – нақты өндіріс орындарын аралау, технологиялармен танысу және әр жоба бойынша егжей-тегжейлі талқылау. Бұл тәсіл формалды кездесулерден өзгеше, инвестициялық серіктестікке шынайы әрі ұзақ мерзімді көзқарасты білдіреді.
Түркістан делегациясы алғашқылардың бірі болып әлемге әйгілі «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» компаниясының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын – Қытайдағы сыра өндірісінің көшбасшысы ғана емес, әлемдік деңгейдегі сусын өндіруші ретінде де танымал. Компания денсаулыққа пайдалы сусындарды өндірумен, креативті бар-концепцияларды дамыту және халықаралық нарыққа шығу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Олардың технологиялық даму саясаты Түркістан кәсіпкерлері үшін ерекше қызығушылық тудырды. Өңірде тек ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу, сапалы сусындар мен экологиялық таза өнімдер жасау мүмкіндігі қарастырылуда. «TSINGTAO» сынды тәжірибелі серіктеспен ынтымақтастық өңір экономикасын әртараптандыруға ықпал етері сөзсіз. Сапар барысында Түркістан делегациясы Қытайдағы экологиялық таза тыңайтқыштар мен химиялық өнімдер өндіруші «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен кездесті. Бұл кәсіпорын – ауыл шаруашылығын химияландыру, зиянкестермен күрес және өнім сапасын арттыру бағытында заманауи технологияларды ұсынушы. Түркістан облысының экологиялық жағдайын ескере отырып, әкім Нұралхан Көшеров агроөнімдердің өнімділігін арттыру мен зиянкестерге қарсы күресте тиімді химиялық және биологиялық құралдарды қолданудың маңызын атап өтті. Компаниямен бірлескен жобалар облыстың агротехнологиялық деңгейін жаңа белеске көтеруі мүмкін. Сондай-ақ, климаттық жағдайы Түркістанға ұқсас Циндао өңірінде өсірілетін Дазэшань жүзімін бейімдеу жобасы ұсынылды. Бұл – ауыл шаруашылығында инновациялық әріптестіктің нақты мысалы. Жүзімді терең өңдеу, кептіру, экспортқа шығару арқылы облыс жаңа агроэкспорттық өнім түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Сапардың ең ауқымды әрі ұзақ мерзімді серіктестігінің бірі – «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен жүргізілген келіссөздер болды. Бұл компания Қытайдағы ірі инвестициялық құрылымдардың бірі саналады, қазіргі таңда 622,6 миллиард юань немесе шамамен 86 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активті басқарып отыр. Холдинг венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және цифрлық трансформация, жасыл энергетика, индустриялық жобаларға инвестиция тартумен айналысады. Бұл бағыттар Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу стратегиясымен үндесіп, Түркістанды технологиялық және экологиялық даму хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Циндао қаласында талқыланған тағы бір маңызды бастама – көкөністі кептіру, жержаңғақ өңдеу, туристік кешендер мен бизнес-қонақүйлер салу. Бұл жобалар Түркістанның моносалалық экономикадан арылып, агроиндустриялық, туристік және логистикалық әлеуетін ашуға сеп болады. Шетелдік кәсіпкерлер өңірге деген қызығушылығын ашық білдіріп отыр. Олар Түркістандағы әлеуметтік тұрақтылық, мемлекеттік қолдау, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен демографиялық әлеуетті жоғары бағалауда.
Сапардың нысаналы бағыты болып табылатын Циндао қаласы – Шаньдун провинциясының экономикалық локомотиві. 10 миллионнан астам халқы бар мегаполис 2024 жылы ішкі жалпы өнім бойынша 1,6 триллион юань немесе 220 млрд АҚШ доллары көрсеткішіне жетіп, Қытайдың жетекші қалаларының қатарында тұр. Бұл қала – жоғары технология, логистика, агроөнеркәсіп пен халықаралық бизнес интеграциясының орталығы. Мұнда жүргізілген келіссөздер – Түркістан облысының жаһандық сауда желісіне енуінің алғышарты. Жаңа инвестиция – жаңа жұмыс орындары, салық түсімі, экспорт және адами капиталдың өсуі деген сөз. Түркістан облысының Қытай Халық Республикасына жасаған бұл сапары өңірдің стратегиялық даму бағытын айқын көрсетіп отыр. Инвестициялық серіктестік, агротехнологиялық ынтымақтастық, цифрлық және жасыл экономиканы дамыту – мұның бәрі өңірді халықаралық деңгейдегі ойыншыға айналдыруға бастайды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атап өткендей «Түркістан – тек тарихи және рухани орталық емес, ол – жаңа индустриялық және аграрлық даму алаңы. Қазіргі келіссөздер – біздің ел Президенті жүктеген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең». Алда – нақты жобаларды іске асыру, технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу және өңір тұрғындарының игілігіне бағыттау міндеті тұр. Бұл сапар Түркістанның жаңа экономикалық дәуірге қадам басқанын айқын көрсетті.