ҚЫЛМЫС ЖАСАЙТЫНДАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ – ЖҰМЫССЫЗДАР

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек көпшілікті елең еткізер бірқатар мәліметтермен бөлісті. Тарқатсақ, апта ішінде тіркелген қылмыстық істердің саны, олардың түрлері мен себептері, сондай-ақ қылмыстың алдын алу жолдарына қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы нақты деректер келтірілді.

Сәрсен Құранбектің мәлімдеуінше, өткен аптада қала бойынша 168 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 15-і сотқа жолданған. Бұл – жай ғана статистикалық дерек емес, қаладағы қоғамдық қауіпсіздік ахуалының шынайы көрінісі. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – алаяқтық (58 іс), ұрлық (37 іс), есірткі заттарының заңсыз айналымы (21 іс), жол-көлік оқиғалары (15 іс) және тонау (4 іс). Осы санаттардың ішінде ерекше алаңдаушылық тудыратын бағыт – интернет алаяқтық. Бүгінде интернет өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Алайда осы мүмкіндікті қылмыстық мақсатта пайдаланып жүргендер де көбейген. Баспасөз жиынында келтірілген дерекке сүйенсек, 29 интернет алаяқтық ісі тіркелген. Оның ішінде ең жиі кездесетін тәсіл – жалған тауар сату туралы хабарландырулар. Сонымен қатар инвестиция арқылы пайда табуға уәде беру, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ақша аудартып алу және бөтен адамның атына қасақана несие рәсімдеу де тіркелген. Мәселен, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқ қала тұрғынына қоңырау шалып, банк шотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтып, 2 700 000 теңгені «қауіпсіз шотқа» аудартқан. Бұл – қаладағы әрбір тұрғынды ойландыруы тиіс жағдай. Бүгінгі цифрлы дәуірде адам сенгісіз схемалар мен технологиялық қулықтар арқылы қарапайым азаматтарды алдау үйреншікті әрекетке айналып барады.
Бұқаралық іс-шаралар, демалыс күндері, базарлар мен қоғамдық көліктер – қалта ұрыларының қаптап жүретін орны. Бір ғана мысал, 1 маусымда орталық саябақта қала тұрғынының бала арбасындағы сөмкесінен ұялы телефоны ұрланған. Мұндай оқиғалар күн сайын тіркеліп отыр. Полиция тұрғындарды бағалы заттарын сыртқы қалталарға салмауға, көпшілік жерде ұқыптылық танытуға шақырады. Тағы бір өзекті мәселе – есірткіге қатысты құқықбұзушылық. Бір аптаның ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 21 іс тіркелген. Ұсталған 11 адамның бесеуі – 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Ең сорақысы, барлығы – жұмыссыз. Статистика жастардың көбіне курьер ретінде тартылып, есірткі тасымалдау ісіне араласатынын көрсетіп отыр. Жастардың әлеуметтік желілер арқылы жалдамалы тасымалдаушыға айналуы — қоғамның келешегі үшін қауіпті үрдіс.
Бұл ғана емес, жол-көлік оқиғаларына байланысты 15 іс тіркелген. Негізгі себептер — жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы, телефонмен сөйлесу салдарынан жаяу жүргіншілерді қағу, көліктердің соқтығысуы. Бұған қоса, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, жасөспірімдердің скутер мен самокатты ереже бұза отырып басқаруы, мас күйде көлік тізгіндеу секілді заң бұзушылықтар да тіркелген. Қоғамда электросамокат пен скутер секілді жеке көлік құралдарының көбейгені жасырын емес. Алайда оларды басқарушы кәмелетке толмағандардың жол қауіпсіздігі туралы түсінігі шектеулі. Бұл — ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктейтін фактор. Қалалық әкімдік пен құзырлы органдар қылмыстың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанымен, мәселенің тамыры тереңде. Интернет алаяқтарының құрығына ілінбеу үшін азаматтардың киберсауаттылығы жоғары болуы шарт. Қалта ұрыларынан қорғану үшін қарапайым қырағылық қажет. Ал жастардың есірткіге ұрынбауы үшін отбасы тәрбиесі мен қоғамдық қолдау жүйесін күшейту қажет. Сәрсен Абайұлының мәлімдеуінше, қала тұрғындарының өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі артпайынша, қылмыс азаймайды. Жергілікті билік тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, күмәнді әрекет немесе тұлға байқалған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Қала билігінің бұл қадамдары — жағдайды ашық айтып, қоғам назарын қылмыстың шынайы сипатына аудару. Бұл — нақты статистикаға негізделген талдау әрі алдағы жұмыстың бағыты. Қылмысқа қарсы күресте жалғыз құқық қорғау органдары емес, бүкіл қоғам жұмылуы қажет. «Қауіпсіз қоғам — әр азаматтың жауапкершілігінен басталады» деген қағиданы ұмытпаған абзал.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.