ҚЫТАЙ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ САУДА КӨЛЕМІ РЕКОРД ЖАҢАРТТЫ

2025 жылдың алғашқы бес айында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауда көлемі 39,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, рекорд орнатты. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы мәлімдеді.
Қытай мен Орталық Азияның бес елі — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасындағы экономикалық байланыс жыл сайын нығайып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл өңірмен Қытайдың жалпы сауда көлемі 94,8 миллиард долларға жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда үш еседен астам өсім көрсеткен. Қытайлық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан — Орталық Азиядағы Қытайдың ең ірі сауда серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 43,82 миллиард долларға жетіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелді. Бұл Қазақстан экономикасы үшін маңызды жетістік саналады, себебі экспорт көлемінің артуы, инвестициялық жобалардың көбеюі мен логистикалық серіктестіктің нығаюы елдің экономикалық әлеуетін арттыра түседі.
Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік 10 жылдан бері «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында дамып келеді. Көлік-логистика, инфрақұрылым, өндірістік қуат және туризм салаларындағы бірлескен жобалар аймақтық байланысты нығайтуда. Қытай сарапшысы Су Чанның айтуынша, екі ел қарым-қатынасы «жаңа алтын отызжылдыққа» аяқ басты. Алдағы уақытта жоғары технологиялар, жасыл энергетика және инновациялық өндіріс салаларында да әріптестік тереңдей түседі деген сенім бар.
Жалпы Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда көлемінің өсуі — аймақтың экономикалық интеграцияға бейілділігінің айқын көрінісі. Ал Қазақстанның бұл үдерістегі жетекші рөлі — елдің геосаяси және экономикалық маңызын растайды. Екі ел арасындағы сауда-саттық пен инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуі алдағы жылдары да жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
«Уақыт».