ШЫМКЕНТ – ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ИНДУСТРИЯ ОРТАЛЫҒЫ

мемлекет басшысына шаһардың жетістіктері таныстырылды

Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі. Сонымен қатар күнгейдегі оңтүстікке шығар басты қақпалардың бірі де бірегейі десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінде шаһарда кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Даму көрсеткіштері де жоғары. Бұрындары қаланың аты жемқорлық пен парақорлық, сондай-ақ трайбализм сынды естір құлаққа жағымсыз жайттармен шырмалып жататын. Әйтсе де заман ауып, қоғам өзгеріп келеді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде бұл қаланың аты республикалық деңгейде кеңінен талқыланған тақырыптарға арқау болды. Әрине, осыншама игі іс, қыруар тірліктің басында қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғаны анық. Әділетті жүйенің жақтаушысы ретінде әлеуметтің кең қолдауына ие болған қала басшысы бүгінде ауқымды бастамаларға түрткі болып отыр.

Халық пен биліктің арасын жақындатқан, жұртшылықтың арқа сүйейтін әкіміне айналған Ғабит Әбдімәжитұлының небәрі екі жылға жетер-жетпес уақытта тындырған тірлігі толағай. Жуырда Шымкентке табан тіреген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мұны емеурінмен білдірді. Бүгінгі материалымызда дәл осы сапардың жайын тарқата баяндамақпыз. Сапар барысында мемлекет басшысы заманауи келбетке енген Шымкент әуежайының жаңа терминалымен жақыннан танысты. Президенттің қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған. Жоғарыда атап өткеніміздей, Шымкент – еліміздің оңтүстігіндегі негізгі қақпа саналады. Сәйкесінше, қалада авиациялық хаб қалыптастырудың маңызы айрықша. Қала берді, жаңа терминал Еуропа мен Азияның бірқатар елдеріне жаңа рейстер ашуға мүмкіндік береді. Мұның өзі үшінші мегаполистің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласына сапары барысында өңірдің индустриялық, логистикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттары айқындалды. Сапар барысында Президент «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойында орналасқан «Almaar Logistics» сауда-логистика орталығына барды. Онда аталған алпауыт орталықтың құрылтайшысы Айжан Наимбекова мемлекет басшысына нысанның маңызы турасында тарқата түсіндіріп өтті. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын бұл кешеннің құрылысына 14,8 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің айқын үлгісі. Орталықтың өнім сақтауға арналған заманауи технологиялармен жабдықталуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Жалпы Шымкентте индустриалды аймақтардың жұмысы жанданып келеді. Онда импортқа деген тәуелділікті азайтатын ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл – шаһардың басты жетістіктерінің бірі. Сондықтан мемлекет басшысына «Тассай» индустриалды аймағының жұмысы таныстырылды. Бүгінде мұнда 33 кәсіпорын іске қосылған және 44,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Тағы 9 жоба іске асырылып жатыр, бұл өз кезегінде 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент «Asia Trafo» зауытына да барды. Бұл кәсіпорын – ТМД нарығына майлы трансформаторлар мен реакторлар шығаратын заманауи өндіріс орны. Энергетика секторында инвестициялық тартымдылықтың тағы бір дәлелі – «Aksa Enerji Üretim A.Ş» компаниясы салатын, құны 350 миллиард теңгелік бу-газ электр стансасы. Бұл жоба аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, өндірістік қуатты арттырады. Ал жаңадан ашылған «Coca-Cola İçecek Kazakhstan» зауыты жылына 283 миллион литрге дейін өнім шығара алады. Бұл – жоғары деңгейде автоматтандырылған және тиімділікті көздейтін өндірістің үлгісі. Президент бұл жобаның экономикалық өсімге серпін беретінін ерекше атап өтті.
Президент Шымкенттің сәулеттік және инфрақұрылымдық дамуымен де танысты. Бүгінде мемлекет басшысының 2022 жылғы халықпен кездесуде берген шаһардың бас жоспарын қайта қарап, көлік-логистика инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін жаңғырту туралы тапсырмалары нақты орындалып жатыр. Қалада Орталық стадион, перинаталдық орталық, паралимпиадашыларға арналған спорт кешені және бірнеше мектеп пен әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарланған. Бас жоспар бойынша, жекеменшік тұрғын үй кешендерінің бейберекет салынуына шектеу қойылып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесі 60 пайызға жетеді. Биылғы жоспар бойынша, 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның 320 мың шаршы метрі мемлекеттік қаржы есебінен салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа да табан тіреді. Аумағы 20 гектардан асатын паркте серуендеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар. Шымкентте экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды. Бұдан бөлек, Президентке қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.

Мемлекет басшысы былтыр маусым айын­да пайдалануға берілген «Tulip Hall» көпфункционалды кешенінің ғимаратымен танысты. Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген бұл көрікті нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Мұнда сондай-ақ қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары орналасқан. Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент – еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті. Жиын барысында мемлекет басшысы «Халқымыз Шымкентті «шырайлы шаһар» деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары – өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұр. Ұлы Жібек жолы кезінде осы аймақтан өткені белгілі.
Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр» деп атап өтті. Сонымен қатар мемлекет басшысы шаһардағы сәулетті нысандардың бірі «Tulip Hall» атауын «Қызғалдақ» деп атау жөніндегі белсенділердің ұсынысын қолдады.
Жалпы Шымкенттің соңғы жылдары жеткен жетістіктері аз емес. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. Мұның барлығы – ауқымды жұмыстың нәтижесі. Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізуі де қаланың мемлекет дамуындағы айрықша рөлін айқындайды.
Қорыта айтқанда, мемлекет басшысының Шымкентке жасаған сапары барысында қаланың даму мүмкіндіктері мен атқарылған жұмыстар жайы кеңінен таныстырылды. Әсіресе, шаһардың индустриялық, логистикалық және әлеуметтік бағыттағы даму бағдары айрықша көрсетілді. Жүзеге асқан жұмыс көп. Маңызды ескертулер жасалған жоқ. Мұның өзі шымкенттіктердің сүйікті әкіміне айналып үлгерген Ғабит Сыздықбековке деген сенімнің нығая түскенін айғақтаса керек…