ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН КЕСІП ӨТЕТІН АВТОБАН ҚАЛА СЫРТЫНА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Түркістан облысында транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жоба қолға алынып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.

Облыста жол құрылысы саласын дамыту бойынша өзге де жобалар жоспарланып отыр. Мәселен, 2025-2027 жылдар аралығында Сарыағаш қаласында 102 шақырым айналма жолдың құрылысы бойынша бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2026-2028 жылдары Түркістан қаласында 30 шақырым шығыс айналма жолының құрылысы мен 48 шақырым Шымкент айналма жолының құрылысы басталмақ. Яғни, Түркістан қаласының ортасынан өтетін «Батыс – Еуропа-Батыс Қытай» автобаны қала сыртына шығарылады. 4 жолақты автобан 2025-2027 жылдар аралығында іске аспақ. Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Сәйкесінше, кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба әзірленіп жатыр. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді.
Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1 103,3 шақырым жол мен көшелер қамтылады деп күтілуде. Жыл қорытындысымен 547 шақырым жол пайдалануға берілмек. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 291,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүріп, 111,8 шақырым жол пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар 159,5 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп, жыл қорытындысымен 142,1 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар елді мекендердегі 652,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, биыл 293,1 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 347 көше қамтылып отыр. Ал жыл соңына дейін 130,1 шақырым көше пайдалануға беріледі. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7 пайыздан 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 17 692 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 3983 шақырымы облыстық маңызы бар жол саналады. Ал 1726 шақырымын аудандық маңызы жол құраса, 11 305 шақырым елді мекен көшелері бар.