ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ТЕРІС ӘСЕРІ ОРАСАН
Қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, ғаламтор мен смартфондардың кең таралуы, жаһандық мәдениеттің жедел жайылуы жастардың мінез-құлқы мен дүниетанымына зор ықпал етуде. Бұған қоса нарықтық қатынастардың күрделенуі, материалдық құндылықтардың алдыңғы қатарға шығуы, ақпараттық тасқынның молаюы жас буынның сана-сезімін жаңа сынақтарға душар етті. Осындай күрделі кезеңде жастар арасында құмар ойындардың кең етек жаюы өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібіне шығып отыр.
Алдымен, құмар ойындардың мәнін түсініп алу қажет. Құмар ойын дегеніміз – ақшалай немесе бағалы затты ұтуға бағытталған кездейсоқтық пен тәуекелге негізделген ойын түрі. Бұған түрлі лотореялар, ойын автоматтары, бәс тігу, онлайн-казино, букмекерлік кеңселер арқылы ұтысқа ұмтылу жатады. Жастар арасында құмар ойындарға қызығушылықтың артуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, ақпаратқа қолжетімділік. Ғаламтордың әр түкпірінде лезде ашылатын онлайн-казино, ставка жасау платформалары жасөспірімдер мен студенттерді баурап алады. Екіншіден, әлеуметтік орта және имитациялық мінез-құлық. Құрдастарының сол ойындарға әуестенуі, кең таралған жарнамалар және жеңістің «оңай» жолдары туралы әңгімелер де жас ұрпаққа әсер етеді. Үшіншіден, жастардың психологиялық ерекшеліктері – олар жаңашылдыққа құмар, тәуекелге баруға бейім, жылдам табысқа ұмтылады. Алайда құмар ойындардың жастарға тигізер зияны орасан. Қарапайым қызығушылық тәуелділікке айналып, адамға психологиялық және әлеуметтік зардап әкеледі. Алдымен адамның эмоционалдық тепе-теңдігі бұзылады. Жеңілген сәттердегі күйзеліс, ашу-ыза, ұтқан кездегі уақытша қуаныш пен оған қайта ұмтылу әрекеті үнемі ішкі жан дүниені шаршатады. Сонымен қатар оқуға, жұмысқа, отбасына бөлінетін уақыт қысқарып, ой-санасы ойынға байланып қалады. Материалдық салдары да ауыр — қарызға батуы, заңсыз әрекеттерге баруы, оқудың ақшасын немесе қалталық қаражатын ойынға жұмсауы мүмкін. Ұзақ мерзімде бұл әрекеттер бір адам үшін емес, тұтас қоғам үшін түйткілге айналмақ. Адал еңбектің бағаланбауы, жеңіл жолмен байытуға талпыныс, еңбекқорлық пен табандылық сынды құндылықтардың құлдырауы ел дамуын кешеуілдетеді.
Бұл мәселеден шығу үшін кешенді шаралар қажет. Біріншіден, ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің, жоғары оқу орындарының тәрбие жүйесі құмар ойындардың зиянын түсіндіруге бағытталуы тиіс. Екіншіден, мемлекет интернеттегі құмар ойын платформаларына заңнамалық бақылауды күшейтіп, жастардың оған қолжетімділігін шектеуі керек. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру, құмар ойындардың қауіпті салдарын көрсететін қоғамдық жарнамаларды көбейту маңызды. Төртіншіден, жастарға бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасау – спорт, өнер, ғылым салаларына қызықтыру, кәсіпкерлік және еріктілік бағытында даму мүмкіндіктерін ұсыну олардың құмар ойындарға деген әуестігінің алдын алады. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбында арнайы шара өтті. Шараның мақсаты — оқушыларды лудомания ұғымымен таныстыру, оның себептерін, салдарын және алдын алу жолдарын талқылау. Жиналыста сынып жетекшілері лудоманияның не екенін, адамның өміріндегі күрделі мәселелерді, лудоманияның себептері мен салдарын тарқата түсіндіріп өтті. Рефлексия кезеңіндегі алдын-алу шаралары, мүмкін болатын мінез-құлық салдары талқыланды. Педагогтердің айтуынша, құмар ойын – жастар арасында кеңінен етек жайған, қауіпті құбылыс. Жас толқынның қуат-қайратын, ақыл-парасатын жарқын болашаққа бағыттау үшін бүгіннен бастап осы мәселе үстінде жұмыла жұмыс істеу қажет. Жеңіл табысқа алданбай, адал еңбекпен, біліммен жеткен жетістік қана шынайы бақыт әкелетінін жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз.