ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КІЛТІ
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар, жаһандық нарық және экономикалық қатынастардың күрделенуі тек ересектерге ғана емес, жастарға да, соның ішінде мектеп оқушыларына да зор ықпал тигізіп келеді. Оқушылар – қоғамның болашағы, мемлекеттің өсіп келе жатқан ұрпағы. Олар білім алудан, тұлғалық даму мен әлеуметтенуден бөлек, қазіргі ақпараттық кеңістікте небір түрлі әсерлерге, соның ішінде зиянды әдеттер мен теріс ықпалдарға ұшырауы мүмкін. Осындай күрделі мәселелердің бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік. Лудомания – адамды психологиялық және әлеуметтік тұрғыда күйрететін ауыр құбылыс, ол жас ұрпақтың ой-санасын бүлдіріп, болашағына үлкен зиян тигізеді.
Лудомания – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік, ойын әрекетіне шектен тыс берілетін психологиялық ауытқу. Көп жағдайда лудомания белсенді түрде ақшалай немесе заттай ұтысқа бағытталған әрекеттермен сипатталады. Бұл құмар ойындар – ұтыс алу мүмкіндігін аз да болса болжайтын немесе абсолютті кездейсоқ негіздегі лотореялар, тотализаторлар, автоматтар, карта ойындары, интернеттегі онлайн-казинолар, букмекерлік кеңселер арқылы бәс тігу сияқты әрекеттер. Психология тұрғысынан, лудомания – мәжбүрлі мінез-құлықтың бір түрі, яғни адам өз қалауын басқара алмай, ойынды тоқтату не ойыннан бас тарту қиындық туғызады. Мұндай тәуелділік адамның жеке өміріне, денсаулығына, отбасы қарым-қатынасына, материалдық жағдайына кері әсер тигізеді. Психологиялық теорияларда лудоманияны мінез-құлықтық тәуелділіктердің бір формасы ретінде қарастырады. Ол нашақорлық немесе алкоголизм секілді заттық тәуелділіктерден айырмашылығы – адамның есірткі мен ішімдік сияқты нақты затты қолданбауында. Дегенмен, мидағы сыйақы жүйесі құмар ойындардағы ұтыс сезімімен ынталанады, дофамин мен басқа нейромедиаторлардың бөлінуін арттырып, адамның мотивациялық және мінез-құлықтық паттерндерін бұзады.
Жасөспірім кезеңі – тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта оқушының психологиялық, физиологиялық және әлеуметтік дамуы қарқынды жүреді. Жасөспірімдер жаңалыққа, қызыққа, адреналинге құмар келеді. Олар үшін тәуекелге бару, бейтаныс дүниені байқап көру – қалыпты психологиялық қажеттілік. Алайда бұл қызығушылық пен зерттеушілік рух дұрыс бағытталмаса, зиянды әрекеттерге, соның ішінде лудоманияға ұласуы мүмкін. Бұрын құмар ойындар негізінен ересектер арасында, белгілі орындарда шектелсе, қазір интернет пен гаджеттердің кең таралуы салдарынан құмар ойын платформаларына қолжетімділік арта түсті. Жасөспірім оқушылар ұялы телефондар, компьютерлер, интернет арқылы оп-оңай онлайн-казиноға, бәс тігу сайттарына кіре алады. Заң бойынша мұндай ойындар кәмелетке толмағандарға тыиым салынғанымен, оларды техникалық бақылау әрдайым мүмкін емес. Оқушылар арасында құрдастарының пікіріне, олардың қабылдауына мән беру өте жоғары. Құрдас топтағы бір-екі бала құмар ойындарға әуестенсе, бұл бүкіл топқа жұғуы мүмкін. Әлеуметтік желілердегі жарнама, блогерлердің ықпалы, бейнеойындардан табыс табу жайлы тараған пікірлер де оқушыны құмар ойындарға тартады. Сонымен қатар отбасында, туыстарында құмар ойындарға қатысы бар адамдар болса, бала оны үлгі ретінде қабылдауы ықтимал. Оқушылардың құмар ойындарға тәуелді болу себептерінің бірі – психологиялық әлсіздік пен эмоционалдық тұрақсыздық. Көңіл-күйді көтеру, күйзелістен арылу, ішкі мазасыздықты басу мақсатында ойынға берілу орын алуы мүмкін. Жасөспірімдер стресске төзімділігі төмен болғандықтан, қиындық немесе сәтсіздік кездескенде, артық энергиясын шығаруды құмар ойыннан іздейді. Бұған қоса өзін-өзі бағалау деңгейінің төмендігі, іштей жалғыздық сезімі де оқушыны осындай әрекеттерге итермелейді.
Отбасылық орта – бала психикасының қалыптасуындағы негізгі факторлардың бірі. Егер отбасында эмоционалдық қолдау жетіспесе, ата-ана мен бала арасында сенімсіздік немесе суық қатынас орнаса, жасөспірім ішкі қанағаттануды сыртқы әлемнен іздеуге тырысады. Бұл кейде құмар ойындардың айналасындағылармен белгілі бір қауымдастық сезімін қалыптастыру арқылы жүзеге асуы мүмкін. Отбасындағы материалдық қиындықтар да оқушыны ақша табудың жылдам әрі оңай жолын іздеуге итермелейді, ал құмар ойындар мұндай жалған үміт бере алады. Мектептегі жоғары талаптар, үздік болуға деген бәсеке, емтихандарға дайындықтағы күйзеліс – мұның бәрі жасөспірімнің эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Кей оқушылар сабақтан шаршап, демалудың зиянды түрлеріне жүгінеді. Осы орайда құмар ойындар «басқа әлемге» қашуға мүмкіндік береді. Мұнда баға, мұғалімдер, ата-аналар тарапынан қысым жоқ сияқты көрінеді. Алайда бұл жалған әлем баланың шынайы өмірмен байланысын әлсіретіп, тәуелділік қалыптастырады. Интернет пен әлеуметтік желілерде құмар ойындардың жарнамалары жиі кездеседі. Осы жарнамалар арқылы жеңіс сезімі, мол ақша табу мүмкіндігі дәріптеледі. Букмекерлік кеңселердің демеушілігімен спорттық шаралар насихатталуы да оқушылардың спорт пен бәс тігуді шатастырып, құмар ойындарға бет бұруына ықпал етеді. Заманауи медиа мазмұнында құмар ойындарды жарнамалау немесе үнсіз мақұлдау жасөспірім санасында қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін. Құмар ойындарға тәуелділік оқушының эмоционалдық тұрақсыздығын күшейтеді. Жеңілген кездегі көңіл-күйдің түсуі, ашу-ыза, ұтқан кезде көтеріңкі сезімді тағы да қайталауға деген құштарлық, күйзеліс, ұйқы бұзылысы – бәрі жасөспірімнің психикасына ауыр әсер етеді. Бұндай тұрақсыздық оның оқу үлгерімін төмендетіп, сыныптастарымен қарым-қатынасын бұзады. Өзіндік бақылау мен концентрация төмендеп, сергектік, мотивация жоғалады.
Лудоманияға шалдыққан оқушы біртіндеп өз достарынан, отбасынан, мектептен алыстай бастайды. Қоғамдық жұмыстардан, үйірмелерден, спорттық секциялардан бас тартып, бар уақытын ойынға арнауға тырысады. Бұл оның әлеуметтену деңгейін төмендетіп, жалғыздық сезімін күшейтеді. Ұтыс үшін қарыз алу, ақша табу мақсатында заңсыз әрекеттерге бару сынды тәуекелдер туындайды. Бұның бәрі жасөспірімнің болашақ ересек өміріне де салқынын тигізеді. Лудомания оқушының денсаулығына тікелей әсер етпеуі мүмкін, алайда жанама салдарлары айтарлықтай. Үнемі экран алдында отыру – көздің көру қабілетіне теріс әсер, қимыл-қозғалыс белсенділігін азайту – семіздікке, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына алғышарт. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы, ішкі ағзалардың қалыпты жұмыс ырғағының бұзылысы, стресс гормондарының көбейуі жалпы денсаулыққа теріс ықпал етеді. Лудомания оқушының оқу үлгерімін төмендетеді. Сабаққа деген қызығушылық азайып, үй тапсырмаларына назар салмайды. Зейіннің тұрақсыздығы, есте сақтау қабілетінің әлсіреуі, мотивацияның жоғалуы – бәрі білім беру үдерісіне кедергі жасайды. Ұстаздармен, мектеп әкімшілігімен түсініспеушіліктер пайда болады. Нәтижесінде оқушының болашақ жоғары оқу орнына түсу немесе мансаптық өсу мүмкіндіктері шектеледі.
Интернет пен смартфондардың кеңінен таралуы оқушыларды онлайн-құмар ойындар әлеміне оңай жетелеуде. Бұл – виртуалды казинолар, покер бөлмелері, букмекерлік кеңселер, рулетка, ойын автоматтары. Мұндай ойындар тәулік бойы қолжетімді, анонимді және ең бастысы, жылдам ұтыс мүмкіндігін ұсынады. Жасөспірімдер үшін бұл – қызықты әрі қауіпті әлем, себебі бақылау аз, ал тәуелділік жылдам қалыптасады. Кейбір аймақтарда оқушылар арасында карта, домино, асық сынды ұлттық ойындар арқылы ақшаға бәс тігу кездеседі. Мұндай жағдайда дос-жарандарымен құмар ойын ұйымдастырып, тиын-тебен ұту әрекеті көрініс табуы мүмкін. Бір қарағанда зиянсыз көрінетін бұл ойындар біртіндеп құмарлық сезімін оятып, кейін онлайн немесе офлайн кәсіби ойынхана әлеміне жол ашуы мүмкін. Соңғы жылдары киберспорт деген құбылыс кең етек жайды. Компьютерлік ойындар бойынша кәсіби жарыстар, халықаралық турнирлердің өткізілетіні баршамызға аян. Мұнда да букмекерлік кеңселер киберспорт ойындарына бәс тігуді ұсынады. Оқушылар сүйікті ойындарын тек ойнап қана қоймай, өздері тамашалайтын командаларға ақша тігуді бастайды. Бұл да лудоманияның бір жолы болуы ықтимал. Сондықтан мектептерде құмар ойындардың зияны туралы жүйелі ақпарат беру, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру маңызды. Психологтар мен әлеуметтік педагогтар оқушыларға стресспен күресу, эмоцияны басқару, бос уақытты тиімді өткізу дағдыларын үйретуі тиіс. Сонымен қатар, оқушыларды қызықтыратын үйірмелер мен спорттық секцияларды көбейту олардың энергиясын пайдалы арнаға бағыттайды. Осы орайда, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты №48 І.Жансүгіров атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Саспухаева 5,7 сынып оқушыларының қатысуымен «Лудомания: құмар ойындарының зардабы, нашақорлық пен құқықбұзушылыққа жол жоқ» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мақсаты — оқушылардың құмар ойындардан аулақ болуын қамтамасыз ету, қазіргі уақыттағы ойын мәселесі туралы түсініктерін қалыптастыру, ойынның бар кемшілігі мен кері әсерін түсіндіру және құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу. Мамандардың сөзінше, ата-ана балаға тек материалдық жақтан емес, эмоционалдық жағынан да қолдау көрсетуі қажет. Бала отбасы тарапынан махаббат, сенім және қамқорлық сезінгенде, ол сырттағы жалған рахат көздерін іздеуге ұмтылмайды. Ата-аналар балаға гаджеттер мен интернетті пайдалану ережелерін орнатып, оның виртуалды іс-әрекетін қадағалауы керек. Бірлесе демалу, спортпен айналысу, қызықты шеберлік сабақтарына бару арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас нығаяды.
Мемлекет деңгейінде құмар ойындардың кәмелетке толмағандар арасында таралуына тосқауыл қою өте маңызды. Жасөспірімдерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заңнаманы қатаңдату, интернет-провайдерлер арқылы құмар ойын сайттарын бұғаттау, жарнамалық қызметті шектеу – бұның бәрі мәселенің алдын алуда маңызды қадамдар. Сондай-ақ мектептерге, құқық қорғау органдарына және қоғамдық ұйымдарға арналған нұсқаулықтар мен әдістемелер әзірленсе, олар оқушыларды қорғауда тиімді құралға айналады. Қоғамда құмар ойындардың зияны туралы ақпаратты көптеп тарату, БАҚ арқылы тақырыптық бағдарламалар, мақалалар, деректі фильмдер көрсету – лудоманияға қарсы күресте маңызды. Көпшілік арасында дұрыс үлгілерді дәріптеп, ұл-қыздардың табысқа жетуі тек еңбекпен, біліммен келетіні жайлы ойларды санаға сіңіру қажет. Сонда ғана оқушылар жалған ұтыстардың артында тұрған қауіп-қатерді түсінеді. Тәуелділікке шалдыққан оқушыларға психотерапия тәсілдері өте тиімді. Когнитивті-мінез-құлықтық терапия, мотивациялық сұхбат, топтық психотерапия әдістері арқылы оқушы ойынға деген тәуелділігін түсінеді, оны жеңу жолдарын үйренеді. Психотерапевт баланың ішкі әлемін талдап, проблемалық тұстарын айқындап, оны шешуге бағыттайды. Мектеп психологтары немесе сыртқы орталықтар оқушыға кеңес беріп, оған эмоцияны басқару, стресске төзімділік, өзін-өзі бақылау дағдыларын үйретеді. Бұл жерде баламен ашық әңгімелесу, оның ой-пікірін ескеру, сенім атмосферасын құру өте маңызды. Оқушы өз проблемасын, сезімдерін бөліскенде, ішкі жан күйзелістерін азайтуға мүмкіндік алады. Құмар ойындарға тәуелділікке шалдыққан жасөспірімдерге арналған арнайы топтар немесе клубтар құру тиімді. Мұнда олар бір-бірімен әңгімелесіп, тәжірибе бөлісіп, қолдау табады. Осындай топтарда жауапкершілік, өзара сенім, өзгеге көмектесу сынды маңызды қасиеттер дамып, оқушыда өз мәселесін жалғыз шеше алмайтындығын, бірақ қолдау арқылы жеңуге болатынын түсіну қалыптасады.
Бүгінгі күні әр оқушының қолында смартфон бар. Онда ойындар, әлеуметтік желілер, бейнеқосымшалар, интернет-дүкендер және тағы басқалары қолжетімді. Сандық гигиена – онлайн ресурстарды дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыруды білдіреді. Мектепте сандық гигиена сабақтарын өткізу, ата-аналарға арналған нұсқаулықтар жасау арқылы оқушылардың интернетте қауіпсіз жүріп-тұруы қамтамасыз етіледі. Ата-аналар мен мектеп әкімшілігі оқушылардың интернет пайдалануын техникалық тұрғыдан бақылай алады. Мысалы, арнайы фильтрлерді орнату, құмар ойын сайттарына кіруге шектеу қою, қолданбалар арқылы экран уақыты мен мазмұнды бақылау. Бұл шаралар оқушылардың қауіпті сайттарға кіруін азайтады, бірақ оларды толық шешім деуге келмейді. Ең бастысы – оқушыларға неге мұндай шектеулер қойылатынын түсіндіру. Кейбір елдерде кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға қолжетімділігін шектеу мақсатында арнайы ID карталар мен қатаң бақылау қолданылады. Мысалы, Сингапурде казиноға кіру үшін биометриялық тексерулер бар. Жапонияда кәмелетке толмағандарға құмар ойын автоматтары орналасқан залдарға кіруге тыйым салынады. Бұндай қатаң шаралар оқушылар арасындағы құмар ойындардың таралуын тежейді. Көптеген еуропалық елдерде мектептерде құмар ойындардың зияны туралы ақпарат беру міндеттелген. Арнайы оқыту бағдарламалары, тренингтер, семинарлар арқылы оқушылардың санасында лудоманияға деген теріс көзқарас қалыптастырылады. Сонымен бірге жасөспірімдерге арналған консультациялық орталықтар мен сенім телефон желілері жұмыс істейді. Солтүстік Америкада да оқушылар арасындағы лудомания проблемасы өзекті. Мұнда ұлттық денсаулық сақтау мекемелері арқылы ақпараттық науқандар жүргізіледі. Мектептерде психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер құмар ойындардың алдын алу жұмыстарын атқарып, балалардың бұл мәселемен ертерек танысып, қауіпті білгенін қолдайды.
Сарапшылар мектептерде мәселенің алдын алу үшін бірнеше бағыттағы жұмыстарды ұстану керегін алға тартады. Олар — мектеп бағдарламасына құмар ойындардың зияны туралы ақпаратты енгізу, психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысына басымдық беру, олардың құзыреттерін арттыру, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру, ата-аналармен тығыз байланыста болу, олардың балаларды қадағалау және қолдау қабілетін дамыту. Ал ата-аналар, өз кезегінде, балалармен ашық сөйлесу, олардың қызығушылықтары мен мәселелерін түсінуі, интернетті пайдалану ережелерін орнатуы, отбасылық іс-шаралар ұйымдастыруы, балалардың тұлғалық өсуіне жағдай жасауы, балалардың материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, эмоционалдық қолдау көрсетуі тиіс.
Оқушылар арасындағы лудомания мәселесі – қазіргі қоғамның көкейкесті проблемаларының бірі. Жасөспірімдер құмар ойындарға тез тартылып, тәуелділікке ұшырауы мүмкін, ал бұл олардың психологиялық, әлеуметтік және оқу үлгеріміне елеулі зиян келтіреді. Лудомания ерте кезеңде анықталып, алдын алынбаса, жас адамның болашақ өміріне теріс әсер етеді. Мәселенің күрделілігі оны кешенді шешуді талап етеді. Мемлекет, мектеп, ата-ана, қоғамдық ұйымдар және БАҚ бірігіп әрекет етіп, оқушыларды құмар ойындардан қорғау үшін жүйелі түрде шаралар қолдануы қажет. Профилактикалық жұмыстар, ақпараттық науқандар, психологиялық қолдау, заңнамалық шектеулер және техникалық бақылау – бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана лудоманияның таралуын тоқтатуға болады. Осылайша, оқушылар арасындағы лудомания проблемасына ерекше көңіл бөлу – еліміздің болашағына инвестиция. Жастардың дені сау, білімді, салауатты, рухани бай болуы – қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Лудоманияға қарсы күрес – ұрпақтың бақытты, кемел болашағын қамтамасыз етудің бір жолы.