МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ
Лудоманияның мемлекеттік қызметке тікелей ықпалы бар. Мемлекеттік қызметкерлердің ойынқұмарлыққа шалдығуы олардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Лудомания олардың жұмыс сапасын төмендетіп, маңызды шешімдер қабылдау кезінде эмоционалды тұрақсыздыққа алып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі адамдардың қаржылық қиындықтары сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыруы мүмкін, өйткені олар ойындарда жоғалтқан қаражаттарын қайтару үшін заңсыз жолдарға баруға ұмтылады.
Осы орайда, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Д.Суртеков Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік қызметтегі шектеулер тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, лудомания, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік қызмет өткеру тақырыбында баяндады.
Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі 6) тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді.