ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТ БЕРІЛДІ
Лудоманияның басты белгілерінің бірі — ойынға деген тұрақты және шексіз қызығушылық. Бұл қызығушылық адамның күнделікті міндеттерін орындауға кедергі келтіріп, жұмысқа, отбасыға және достармен қарым-қатынасқа деген қызығушылықты төмендетеді. Ойынқұмар адамдар көбінесе ойындарға көп уақыт пен ақша жұмсап, қаржылық қиындықтарға тап болады. Олар жеңіліс тапқанда ойынға қайта кірісіп, шығындарын қайтаруға тырысады, бұл оларды шексіз циклге итермелейді. Сондықтан бұл мәселемен күрес шаралары қарқын алып келеді.
Осы орайда, жуырда Түркістан қаласы №23 Ж.Тәшенов IT мектеп-лицейінде «Жастар арасындағы алаяқтық және құқықбұзушылық, қаржы пирамидасына қарсы күрестің, лудоманияның алдын алу» бойынша ақпараттық-насихаттық топтың кездесуі өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары қатысып, қоғамдағы тәртіптің жай-күйі бойынша бейнероликтер көрсетіліп, мәліметтер берілді. Жиналысқа Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспектор маманы-Салтанат Ержанқызы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ-ның учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Маткерим Қорабаевич, Түркістан қаласы Полиция Басқармасы Жергілікті полиция инспекторы, полиция капитаны Төреханов Қайрат Жалғасбайұлы, Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нарымбетов Ерғали, аға тәлімгер Керімбекова Айнұр қатысты.
Айта кету керек, лудоманияға шалдыққан адамдарда күйзеліске, мазасыздыққа, ұйқысыздыққа жиі шағымдану байқалады. Олар ойында жиі ұтылып, өздерін кінәлі сезініп, басқалардан ойынға деген құмарлығын жасыруға тырысады. Мұндай жағдай адамды ішкі жалғыздыққа, депрессияға және әлеуметтік оқшаулануға алып келуі мүмкін. Сондықтан онымен күрес ешқашан бәсеңдемеуі қажет.