38 МЫҢҒА ЖУЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ТҰРҒЫННЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ӨТЕЛДІ

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – қоғамның әр мүшесі үшін маңызды міндет. Бұл азаматтардың қоғамда өз орнын тауып, толыққанды өмір сүруі үшін мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, қажетті жағдайларды қамтамасыз етуі қажет. Олар да барлық салаларда тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуы тиіс, ал бұл қолдауды жүзеге асыру – біздің адамгершілік борышымыз.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылар, медициналық көмек, білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылады. Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға ай сайынғы жәрдемақы төленіп, оларға оңалту қызметтері мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған.
Қазір мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қолға алынған. Бұл ретте қолайлы орта үшін қажетті құрылғылар мен жабдықтардың маңызы зор. Осы орайда, Шымкентте қазір 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 614 адам – бірінші топ, 15 455 адам – екінші топ, 13 505 адам – үшінші топ және 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар. Ерекше жандарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдардың қажетті құрылғысы үшін 45 681 өтінім түсіп, оның 37 970-і немесе 82,5 пайызы қамтамасыз етілді. Протездік-ортопедиялық көмек құралы үшін 8 203 өтінім қабылданып, 6 147 құрал үлестірілді. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 20 779 өтінім түсіп, 19 012 ерекше жанның қажеттілігі өтелді. Ал тірек-қимыл функциясында бұзылысы бар азаматтарға арналған қоларба құралына 1 347 өтінім қабылданып, 1 197 адамға арнайы арба берілді.
Сонымен қатар жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 901 азамат мұқтаж болса, жыл басынан бері 2 863 адамға қызмет көрсетілген. Шипажайда сауықтыру емі үшін 8 471 адамға жолдама берілді. Мүгедектігі бар адамдар мұндай қажетті құралдарды әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріп ала алады. Бәйтереков 89 мекенжайында басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған.