ЕЛІМІЗДІҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Еліміздің экспорттық әлеуеті артып келе жатыр. Мәселен, Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекордты жаңартып, 250 млн АҚШ доллары көрсеткішіне жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, экспорттың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – Қазақстанда өндірілген ақуызы жоғары жемшөптер үшін Қытай нарығының ашылуы болды, ол үшін қытайлық сатып алушылар жоғары баға ұсынып отыр. Қазақстанның май зауыттары Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде 56 млн АҚШ долларына келісімшартқа отырды. Шанхайда биыл қазақстандық 12 май зауыты май өнімдерін ұсынады. Бүгінгі таңда Қытай қазақстандық май өнімдері экспорты бойынша қаржылай көрсеткіште көш бастап тұр. Майлы дақылдар өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы қазақстандық 24 май зауытын Қытай кеден тізіліміне жедел енгізуге жәрдемдескен салалық министрліктер — ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан болған қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сондай-ақ өсімдік майларының ай сайынғы экспорттық көлемін біркелкі бөлу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен үйлестірілген жұмыс маңызды аспект болып саналады. Май өңдеушілер екі жыл ішінде Қытайға өсімдік майы мен мал азығы экспортын 300 млн АҚШ доллары деңгейіне жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстанның «CIIE–2024» көрмесіне қатысуы Қытай нарығына май өнімдері экспортын кеңейту мен еліміздің Азиядағы сауда позициясын нығайтудағы маңызды қадам болды.

Ж.БАЛАУСА.