«СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ НЫСАН МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК»
Қазіргі уақытта Шымкент водоканалының болашағы бойынша шу болып, қаламыздың шеңберінен шығып, тіпті, Парламент депутаттарының араласа бастағаны белгілі. Бұл жерде әкімдіктің негізгі талабы — стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару. Осы орайда, қоғамдық кеңес мүшесі ретінде менен «Қоғамдық кеңестің позициясы қандай?», «Неге үндемей отырсыздар?», «Неге алдыңғы шепке шықпайсыздар?» деп сұрап жатқандар көп. Сұрағандарға жауабымды беріп жатырмын. Дегенмен бұған дейін осы бағытта қандай жұмыстар атқарғанымызды жалпыға ортақ жариялағанды жөн көріп отырмын.
Кеңес мүшесі ретінде водоканалды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін алғаш көтерген адаммын деп кесімді түрде айта аламын. Әрі біздің кеңес мүшелері соңғы жылдары судың тарифтерін көтермеу үшін барынша қарсылығын көрсетіп, водоканал тарапынан ұсынылған инвест жобаларды мақұлдамай келген. Өйткені оның артында судың тарифін қымбаттату «махинациясы» тұрған. Сол кездегі антимонополия басшысының есебін бірнеше рет кері қайтарғанбыз. Әрі оларға тарифтерге байланысты кез келген жиындар мен қоғамдық тыңдауларда біздің кеңесті міндетті түрде шақыруларын міндеттегенбіз. Сол кездегі антимонополия басшысы Қайынбердиев деген азамат біздің ұсынысты қабыл алып, бізбен тығыз жұмыс істей отырып, тарифтердің бағасын өсірмеуге барынша жұмыстанған. Содан бері бірнеше талқылаулар өтіп, ол жиындардағы негізгі күш бізге түскен. Өйткені заң бойынша антимонополия өздеріне ұсынған құжаттар мен есептері дұрыс болған жағдайда, бағаны көтеруге келісім бермей қоя алмайды. Сондықтан әр жиында тек қоғамдық кеңес мүшелерінің қарсылығының арқасында ғана тарифтерді қымбаттату бекітілмей қалып отырды.
Осы кездерде мен өз құзіретімді пайдаланып, водоканалдың құрылымы мен Шымкент қаласындағы су жүйесіне қалайша жалғыз монополия жасап отырғаны жайлы ақпараттар алу үшін құзырлы мекемелерге ресми сауалдар жолдай бастадым. Бұл 2023 жылдың тамыз-қыркүйек айлары болатын. Әрине, бюрократиялық жолдармен бірнеше қайтара жолданған сауалдардың жауаптарын аламын дегенше бір-екі ай өтіп, жылдың соңы болды. Осы аралықта антимонополия басшысы ауысып, орнына келген басшысы бұрынғы басшыдай емес, біздің кеңеспен «алыстан сыйласа» бастады. Сонымен жылдың соңында Шымкент водоканалына байланысты қолымдағы жауаптарға сүйене отырып Ақорда, Үкімет басшысы, Энергетика министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігіне, Энергетика басқармаларына хабар жіберіп, водоканалды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтеріп, әлеуметтік желідегі парақшамда «Шымкенттің ауыз суы мен канализациясы қалайша жекенің қолына өтті?» деген көлемді мақала жариялағанмын. Содан кейін-ақ осы бағытта қозғалыс басталған. Ал енді «Неге қоғамдық кеңестің атынан хат жолдамадыңыздар?» деген сауалға келсек, бізде әр мүше бірнеше комиссияларға бөлінгенімен, өзара дербес. Сондықтан бұл мәселе бойынша әртүрлі көзқарастағы мүшелеріміз бар. Тіпті стратегиялық маңызды нысанның мемлекет меншігіне қайтуына қарсы, «мемлекет — нашар менеджер» деген көзқарастағы мүшелеріміз бен водоканал саясатын астыртын, жанама қолдаушылары да бар. Сондықтан бұл сұрақ кеңестің күн тәртібіне шығарылған жоқ. Бірақ мен дербес мүшесі ретінде өз сауалымды жолдадым. Сондықтан кеңестің атынан барған хат пен жеке мүшесінің атынан барған хаттың заң бойынша «салмағында» ешқандай айырма жоқ. Тең қаралуға жатады. Сондықтан бұл мәселеде кеңестің бір мүшесінің жұмысы болса да, жалпы кеңестің атқарған жұмысының есебіне жатқызуға болады.
Бұл мәселенің шиленіске түсуіне тағы бір кінәлі адам болса, ол — антимонополияның жаңа басшысы деп айтар едім. Өйткені осы жылдың көктем айларында бұлар қулыққа барып, кеңеске «водоканалдың инвест жобасын талқылау жиынына шақыру жіберіп» өздері «шляпалы белсенді» секілділерден бірнеше ұйымдарды жинап, водоканалдың инвест жобасын қолдауды дауысқа салу арқылы шешпек екен. Мен мән-жайды білген бойда мұндай жолмен шешім қабылдауға қарсылығымды білдірдім. Антимонополия басшысына өздерінің ережелеріндегі «қоғамдық тыңдау арқылы шешім қабылдау» деген бөлігін пайдаланып, «фиктивный» қоғамдық тыңдау өткізу арқылы шешім қабылдаудың дұрыс қадам еместігін ашық айттым. Өйткені қоғамдық кеңестің талқысынан өтпей, қалайша қоғамдық тыңдау өткізіледі? Сондықтан мен сол жиында кімдер қолдап дауыс бергенін, жиынның толық хаттамасын кеңестің кеңсесіне жолдауды сұрағанмын. Өкінішке қарай, олардың жолдаған хаттамасында жай ғана «көпшіліктің қолдауымен инвест жоба қолдау тапты» дегендей жалпылама жауап қана берілді. Дегенмен сол күнгі жиынның бейне түсірілімін алдырса, халықтың өз «батырларын» көруіне болады.
Сонымен осындай жолмен өздерінің «тарифті көтеру» жобаларын қолдатып алған водоканал мен антимонополия басшылары біздің кеңесті «қоғамдық тыңдау» арқылы айналып өтіп, Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің атына «заңды» ұсынысты жолдады. Қала әкімі бұлардың «тойымсыздығын» көріп, стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару бойынша шешім қабылдады деп ойлаймын. 2023 жылдың жартысынан басталған кеңес пен водоканал текетіресінің хронологиясы — осындай. Сондықтан водоканалдың мемлекет меншігіне қайтару мәселесінің күн тәртібіне шығуына кеңес мүшесі ретінде менің және қолдаған әріптестерімнің өзіндік үлесі болды деп айта аламын. Дегенмен біздің кеңес консультативті-кеңесші орган болғандықтан, өз құзіретінің аясында бастамашыл бола алды. Ал оны қазір жергілікті өзін-өзі басқару институты — мәслихаттың Талғат Балтабаев бастаған депутаттары өз құзіретінің аясында, мәслихат деңгейінде көтеріп жатыр. Олардың арасында да бәрі бірдей көзқараста болып, толық қолдап отыр деп айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта сең қозғалды.
Бұл жерде «мен істедім», «сен істедің» деп бөліп жаратын ештеңе жоқ. Халық игілігі үшін әркім өз деңгейінде жұмыс атқарып жатыр. Бастысы — заңды, әрі тиімді болуы. Блогерлер мен журналистер арасында да әртүрлі бағытта хабар таратып, тіпті мұны «рейдерлік тартып алуға» теңеп жатқандар бар. Әрі бұл мәселені тек әкімдік пен водоканал арасындағы ғана текетірес етіп көрсеткілері келеді. Бұл олай емес. Бұл мәселе — қоғамда бұған дейінгі қарама-қайшылықтардан әбден пісіп жетілген, бірақ белгісіз себептермен кейінге ысырылып келген дүние. Енді ғана қала басшылығы бұл істі қолға алып жатыр. Водоканал да өздерін қорғауға, өз көзқарастарын жеткізуге құқылы. Бірақ түптің түбінде әрбір айтылған ой мен ұсыныстарды саралай келе, заңды жолмен шешім қабылдау — қала әкімі мен оның командасына берілетін құзірет. Сондықтан мемлекетке қайтару бойынша әркім өзінің құзіреті аясында жұмыс атқарып жатыр. Ал өзім жоғарыда айтылған ойымда қаламын. Стратегиялық маңызды нысан мемлекет меншігінде болуы керек.
Рүстем ӘШЕТАЕВ,
Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі.