ЕҢБЕК АДАМДАРЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МАҚТАНЫШЫ
Еңбек адамы — бұл қоғамның дамуына өз үлесін қосатын, күнделікті еңбегімен елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын алға жетелейтін адам. Оның еңбегі, білімі мен тәжірибесі мемлекет пен қоғамның өркендеуіне ықпал етеді. Еңбек адамы ұғымы тек физикалық немесе ақыл-ой еңбегін орындаушы ретінде ғана емес, өз кәсібіне, қызметіне, қоғам игілігіне адалдықпен қарайтын адам ретінде де маңызды. Осы тұста айта кетерлігі, бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші — кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға – кітапханашы. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан — Кітапханашылар күні» болып бекітілді.
Бұған дейін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Еңбек адамы» бағдарламасын қолға алған болатын. Қазан айының бірінші жексенбісі ұстаздар күні мерекесі қарсаңында елімізге белгілі педагог Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Тұрғанбай Салғараевпен кездесу де өткізді. Соңғы «Еңбек адамы» бағдарламасы 25 қазан – Республика күні, 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекелеріне орай ұйымдастырылды. Бағдарлама қонақтары Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Кітапхана саласының үздігі Сержанова Раушан Нұрпейісқызы және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ұзақ жылдар қызмет атқарған кітапханашы Сартбаева Қымбаткүл Тінейбайқызы болды. «Еңбек адамы» бағдарламасы Қожа Ахмет Ясауи музейінің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Шараға Түркістан қалалық Мәдениет бөлімінің қызметкерлері, қалалық Абай атындағы кітапхана, С.Ерубаев атындағы кітапхана, облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасы, қала мектептерінің кітапханашылары, «Әжелер», «Әйелдер» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.
Шараны «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Садықбеков Мәулен Жарылқасынұлы ашып, дүйім жұртты Республика күнімен және кітапхана саласында қызмет жасап жүрген барша сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кітапхана, музей біріне-бірі жақын сала екендігіне тоқталды. Сонымен бірге кәсіби мерекеде кітапхана саласында ұзақ жылдар қызмет еткен бағдарлама қонақтары Сержанова Раушан Нұрпейісқызы және Сартбаева Қымбаткүл Тінейбайқызына алғысын айтып, музей-қорықтың баспа кітаптарын сыйға тартты. «Еңбек адамы» бағдарламасының шығармашылық тобы дайындаған Сержанова Раушан Нұрпейісқызы және Сартбаева Қымбаткүл Тінейбайқызының өмір жолына қатысты бейнероликті көпшілік тамашалады. Бағдарламаны музей-қорықтың ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Берік Байбол жүргізіп отырды. Бағдарлама қонақтарына кітапхана саласына қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Түркістан қалалық «Әжелер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Серім, Түркістан қалалық «Әйелдер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Әбенова, музей-қорықта ұзақ жылдар қызмет атқарған зейнеткер Б.Зиябекова, Абай атындағы орталық кітапхана директоры Г.Малдыбекова, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әдіскері Л.Бабанова және өзге де қатысушылар бағдарлама қонақтары Сержанова Раушан Нұрпейісқызы және Сартбаева Қымбаткүл Тінейбайқызының атқарған қызметтеріне тоқталып, еңбек адамдарының еңбегін елеп, алғысқа бөлеп отырған ұжым басшысына, ұйымдастырушыларға риясыз алғыстарын білдірді. Шара соңында «Еңбек адамы» бағдарламасының қонақтары Сержанова Раушан Нұрпейісқызы және Сартбаева Қымбаткүл Тінейбайқызымен көпшілік естелік фотоға түсіп, кәсіби мерекенің куәгерлерлеріне арнайы дайындалған дастарханнан шара қонақтары дәм ауыз тиді.