БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІКТІҢ ӨНЕГЕСІ!
55 жылдық тарихы бар, тағылымы мен тәжірибесі мол Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі — еліміздегі ең танымал, іргелі, бүгінгі таңда беделі биік кәсіптік білім беру ордасы.
Аталған оқу орнында мен 2008 жылдан бастап арнайы пән оқытушысы болып жұмыс атқарып келемін. Бұл мақалада мен шыдамдылық, парасаттылық қасиеттері бойынан табылатын еңбекқор, талантты басшы туралы айтқым келеді.
Досалиев Қанатбек Балтабайұлы осы оқу мекемесінде бірталай жыл басшылық жасап, елеулі еңбек атқарды.
Қанатбек Балтабайұлы – стереотиптерді жеңе алатын және білім беру жүйесіне қатысты міндеттерді шешудің дәстүрлі емес жолдарын таба алатын және қолдана алатын шығармашылық тұлға. Ол — бұйрық бермеуге тырысатын, бірақ ұсыныстарды мақұлдауға психологиялық тұрғыдан бейімделген, энтузиастарды қолдайтын, әріптестерін тыңдап, жоғары интеллектімен, коммуникативті қасиеттерімен көзге түскен көшбасшы. Қанатбек Балтабайұлы әр жиналыста айтатын «Тек басшының тапсырмалары мен нұсқауларына сүйене бермей, кімде жаңа тың идеялар бар? Осы білім саласындағы ісімізді ілгерілететін қандай ұсыныстарыңыз бар, сіздердің жаңа идея, жаңа туындыларыңыз маған қымбат, ортаға салыңыздар!» деп әрқашан жаңа идеяларға ашық, еркін идеялар нормаға айналатын атмосфера жасай білді. Ол адамдарды бағалай біледі, мейлі ол студент болсын, оқытушы болсын, өзінің қарамағындағыларға ерекше құрметпен қарайды, әр бала жақсы адам бола алады деп сенеді. Адамның ісін, ұмтылысын, қадір-қасиетін бағалайтын адам. Әрқашан алға қарап, мақсатты көреді, дұрыс шешім қабылдайды, кез-келген жағдайда шебер әрекет етіп, істі тек сәттілікпен, жеңіспен аяқтайды. Үнемі даму және өзін-өзі жетілдіру, шығармашылық еркіндік, әріптестерге деген ізгі ниет — дәл осы қасиеттердің бәрі Қанатбек Балтабайұлының бойынан табылады.
Қанатбек Балтабайұлы кабинеттік басқару стилінің қарсыласы, мәселелерді туындаған жерінде талқылауды жөн көреді. Өзі басшылық жасаған мекеменің білім беру және әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын шебер қамтамасыз етті.
Оның жетекшілігімен білім алушылар мен ұстаздар қауымындағы әріптестеріміз көптеген конкурстарда, олимпиадаларда, конференцияларда кәсіби чемпионаттарда жаңа жетістіктерімен қуантты. Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің ұстаздары — мемлекеттік деңгейде жыл сайын өтетін «Үздік педагог» конкурстарының жеңімпаздары. Қанатбек ағаның өз сөзімен айтқанда «Біз тек үздіктерді шығарамыз!».
Біздің ұжымдағы әр ұстаз – қазіргі таңдағы білім саласындағы заманауи талаптарға сай, потенциалдары жоғары тұлға деп айтсам артық айтпаған болар едім. Болашағымыз жарқын болуына үлес қосып, жетелі ұрпақты тәрбиелеуге толассыз елеулі еңбек атқарып келе жатқан ұжымның еңбегі әрқашан бағалы.
В.А.Сухомлинскийдің айтқан сөзі бар «Ұжым – күрделі оркестр, онда әркімнің өз аспабы болады, сол аспабымен ойнайды. Ал сол оркестрдің орындауындағы шығарманы симфонияға ұластыру – ол басшының коммуникативті қасиеттеріне байланысты».
Өзінің басшылық қызметін атқарған білім ордасының 55 жылдығымен қатар келген Қанатбек Балтабайұлының мерейтойлық туған күнінің қарсаңында отбасына бақ-береке, ырыс тілеймін!
Білім мен біліктіліктің, тәрбие мен тағылымның, адамдықтың өнегесін көрсетіп, өрісін кеңейткен белестеріңіз әрқашан биіктей берсін!
Л.А. Жантурсынова,
Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы.