ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Тіл – ұлттың жаны. Тіл болса, ұлт бірегейлігін сақтайды. Осы бір ұстанымның келе жатқанына біршама уақыт болды. Елімізде тіл мерекесі де аталып өтеді. Осы орайда, Шымкент қаласында Республика күні қарсаңында мемлекеттік тілді дәріптеуге арналған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Бұл шараны қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды, ал оның басты мақсаты – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру.
Елімізде мемлекеттік тілді үйренуге барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. Арнайы оқыту орталықтары мен мектептер, жоғары оқу орындары қазақ тілін меңгеру үшін қажетті жағдайларды ұсынады. Қазақ тіліне деген қызығушылық тек қазақ ұлтының өкілдерімен шектелмей, өзге этнос өкілдері арасында да артып келеді. Мәселен, №48 жалпы орта мектебінің ұстазы Мафтуна Сейдова байқауға қатысуға шешім қабылдағанын атап өтті. Қазақ тілін бала кезінен жетік меңгерген ол, байқау арқылы тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрсетіп, өзгелерге үлгі болуды мақсат еткен. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Жұлдызды сәт», онда қатысушылар өз өнерлерін – ән айту, би билеу немесе көркемсөз оқуды көрсетті. Екінші кезеңде Отан, ел, туған жер туралы мақал-мәтелдерді жалғастыру сынағы өтті. Ал шешуші кезеңде салт-дәстүрлер мен белгілі тұлғалар туралы білімдерін паш етті.
Байқауға іріктеліп өткен 21-35 жас аралығындағы түрлі этнос жастары қатысты. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, І, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Айта кету керек, мұндай шаралардың маңызы қоғам үшін қашан да зор. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың.