ГАЗДЫ ШЕКТЕН ТЫС ТҰТЫНАТЫНДАРҒА ТАРИФ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Мәжілістегі газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымында көгілдір отынды шектен тыс мөлшерде тұтынатындарға жоғары тариф тағайындау ұсынылды. Заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева газ тұтынудың бірнеше сатылы лимиті белгіленетінін айтты. Соның ішінде үнемді тұтыну тәсілі тұрмыстық газ тұтынатын 2,2 млн абонентке қолданылуы мүмкін. Олар жыл сайын 4,4 млрд текше метр газ тұтынып отыр.

Аталған санат өкілдері газ тұтынудың нормасынан артық мөлшерде көгілдір отын жақса, қалыпты тарифтің 1,3 немесе 1,5 коэффицентін төлейді. Ал тұрмыстық газ тұтыну мөлшері өңірлердің климатына байланысты болмақ. Мысалы, қысы қатты өңірлерде жылыту маусымы кезінде айына 920 текше метр, қысы жеңіл өтетін өңірлерде айына 625 текше метр етіп бекіту ұсынылып отыр. Ал жылыту маусымынан басқа кезеңде барлық өңірлерде айына 70 текше метр болмақ. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында депутат бұл саясат тұрмыстық газ тұтыну тарифін жаппай көтеруді көздемейтінін түсіндірді.
Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаменті Газдандыру басқармасының басшысы Ізімберген Береке де осылай деп отыр. «Президент былтыр наурыз айындағы Парламенттің кеңейтілген отырысында ауданы 400-500 шаршы метр болатын үлкен үйлердің иелері 100-200 шаршы метрлік үйлермен бірдей газ тарифін төлемеу керектігін айтқан. Осыған орай, тұтыну нормасын есептеп жатырмыз. Ол норма әр өңірде әр түрлі болады. Мысалы, Маңғыстауда жылы, Қостанайда салқын деген сияқты. Коэффицент әлі белгіленген жоқ. Маңғыстау облысында әрбір үй айына шамамен 600-700 текше метр газ тұтынады. Ал Қостанай облысында климат салқын болғанына қарамастан, Маңғыстаумен бірдей мөлшерде тұтынады. Маңғыстаулықтардың көп тұтынатыны, тариф біршама төмен. Яғни, тиімді тұтыну тенденциясын көрмей отырмыз. Газ сарқылатын ресурс болғандықтан үнемді тариф енгізбекшіміз. Бірақ қазірге нақты қандай мөлшер шегі қойылатыны, қандай коэффиценттер қолданылатыны әлі айқын емес. Оның әрқайсысы қоғамда ашық талқылау арқылы белгіленеді» дейді министрлік маманы.