ЖЕТІСАЙДА СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Жастар – еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан да өскелең ұрпақтың өзекті мәселесін шешу мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Оның қатарында санаға жат, түсінікке қайшы әрекеттермен күрес күшейген. Біз сөз етіп отырған толғақты түйіндердің қатарына нашақорлық, құмар ойынға деген тәуелділік сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді жатқызуға болады. Осы орайда, аталған бағыттағы түйткілдердің түйінін ағыту мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп келеді. Күні бүгінге дейін күнгейде көптеген семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Онда жат қылықтар турасында кеңінен ақпараттар берілді.
Жуырда осы бағыттағы тағы бір ауқымды шара өткен еді. Толығырақ тарқатар болсақ, Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласындағы №1 М.Горький атындағы мектеп гимназиясында құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған семинар өтті. Шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, әкімдік жанынан құрылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері, прокуратура қызметкерлері қатысты. Осылайша жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша, буллинг-кибербуллинг, лудомания, интернет-алаяқтық, спирттік ішімдік пен есірткі заттардың зияндығын насихаттауға арналған шара ауқымды болды. Тәртіп сақшылары мен ведомствоаралық топ бірлестігі оқушыларды мұндай зиянды әдеттерге жоламауға, зиянды іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Сондай-ақ мектеп оқушылары айтылған тақырыптарды зер салып тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Топ мүшелері қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауап берді. Шара барысында тақырыптық бейнероликтер көрсетілді және оқушыларға арнайы дайындалған жаднамалар мен үнпарақшалар таратылды. Жиын барысында лудомания сияқты қоғамға қатер төндіріп отырған мәселе жайы кеңінен сарапталды. Спикерлер қызығушылықтың соңы тәуелділік екенін тәптіштеп түсіндірді. Құмар ойынға құмартушылардың барынан айырылып, айналасындағылардың сенімінен шығатынын сөз етті. Сонымен қатар сала мамандары мінез-құлқында өзгерісі бар оқушыларды аңғарған уақытта бірден ұстаздар мен психологтарға хабардар ету керегін айтты.