«СУ РЕСУРСТАРЫ – МАРКЕТИНГ» ЖШС-НА ҚАТЫСТЫ ЖАҢБЫРШИН ЖАҚ АШПАҒАН ЖАЙТТАР КӨП
мәжілісмендер бұқараның мүддесін кәсіпкерге жығып беріп жатқан жоқ па?
Қалың оқырманның жадында болса, «Уақыт» газетінің 15.08.2024 жылы шыққан №27(551) санында «Анарбек Орман әкім ретінде халыққа қызмет етті ме әлде қара бастың қамын күйттеді ме? Сыздықбековты сүріндіру үшін Ақорда жағалағандардың саны артып жатқан сыңайлы…» атты зерттеу материалы жарық көрген болатын. Біз дәл осы мақалада күнгейдегі алып қаланың бірі – Шымкентті сумен жабдықтап отырған «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның жекенің қолына өтуінде күдікті жайттардың барын, қазіргі уақытта шығынға батып жатқанын, сонымен қатар тариф саясатын көтеріп, өзге өңірлермен салыстыра баяндаған едік. Артынша әкімдік тарапынан тиісті шаралардың қолға алынып жатқанын білдік. Қош, міне сонда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиісті деңгейде жүзеге асып жатқанына көз жеткізгенбіз. Енді жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин пост жариялап, кәсіпкердің құқығын қорғау керегін айтыпты.
Жасыратын несі бар, әлгі постты оқыдық та таңғалдық. Артынша біз білетін мүйізі қарағайдай Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин де, Мұқаш Ескендіров пен Самат Мұсабаев та Шымкенттің мәселесін бұқаралық ақпарат құралдарынан немесе көгілдір экраннан ғана көріп жүрген халық қалаулылары екен ғой деген ой келді. Рас, мәжілісмендердің ара-тұра келіп, әлеуметпен жүздесетіні бар. Әйтсе де тереңнен бастау алатын тарихын да, жергілікті жұрттың жанайқайын да жіті біледі дегенге енді күмәніміз көп. Бастапқыда тізімнен Шымкент қаласынан Мәжіліске барған Данабек Исабеков пен Болатбек Әлиевті іздегеніміз рас. Өйткені бұл азаматтар қалада болып жатқан көкейтесті мәселені, өзекті түйткілді біледі. Қош, ендеше мәжілісмен Еділ Жаңбыршиннің алға тартқан деректерін талдайық. Депутат өткенді 1998 жылдан бастап қопарады. Міне, сол уақытта шымкенттіктер су тапшылығынан қиналыпты-мыс. «Тұрғындар кестемен су ішеді. Суды басқару тиімсіз болады» дегенді де қоса кеткен. Ал біз әрірек үңілейік. 1996-1998 жылдары демонополизация шаралары нәтижесінде сол уақыттағы қала әкімі шаһардағы сумен жабдықтау және су бұру жүйесін басекелестік ортаға беру туралы шешім қабылдайды. Ондағы мақсат – бәсекелестік ортаны қалыптастыру еді. Қош, осылайша 6 еншілес компания құрылып, жекеге өтеді. Бұл процестерден 1995-1997 жылдары Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған, ал қазір «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директоры болып отырған Анарбек Орманның бейхабар болуы мүмкін емес. Өйткені біз сөз етіп отырған азамат жекеге берілген компаниялармен үлестес болып шыға келген. Артынша бәсекелестік ортаны қалыптастыруы тиіс әлгі 6 компанияның құрылтайшылары жиналып, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на бірігу туралы шешімге келеді. Осылайша мемлекеттің иелігіндегі алып кәсіпорын жекеге өтіп, қайта монополияға айналады да бұрынғы әкім, яғни Анарбек Орман басшы болады. Ойы ұшқыр, санасы сергек оқырман қауымның көкейінде күдік туып отырған жоқ па? Бізді де сол күдік мазалайды. Ал бұл күдіктің мәжілісмендерді ойландырмауы кәсіби қызметтеріне үлкен сын емес пе?! Мұны бір деңіз. Екіншіден, «суды басқару тиімсіз болды» деген уәжге келейік. Қай заманда болсын, кәсіпкерлер қып-қызыл шығынға батқан бизнесті меншіктегісі келмейді. Керісінше, құтылуға асығады. Ал біз сөз еткен 6 компанияның жекеге өтуінің өзі кәсіпорынның соншалықты халі мүшкіл емес екенін айғақтайды. Ал «басқару тиімсіз болды» деген желеудің айтылып келе жатқанына ондаған жыл болды.
Оны ішінара тарқатсақ, бастапқы жекешелендіруден кейін мемлекеттің меншігінде тек құбыр желілері ғана қалған болатын. Бертін келе «сумен жабдықтау және су бұру қызметін бөлшектеп жүргізу мүмкін емес» деген желеумен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қосылып, мемлекеттің кәсіпорындағы үлесі 22 пайыздан сәл ғана жоғары болып қалады. Осы тұста 2003 жылы бекітілген Су кодексінің 25-бабына назар аударайық. Онда «Қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар мемлекеттік меншікте болады, иеліктен шығарылуға жатпайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Оның заңға қайшы екенін қала әкімі қызметін атқарған Анарбек Орман мен айналасындағы ат төбеліндей топ білмей қалуы мүмкін бе? Бұл – тексеруді қажет ететін екінші дерек. Бұл туралы газетіміздің жоғарыда аталған санында да жазғанымыз бар. Өкінішке қарай, мәжілісмендер бұл деректерді тағы да ұмыт қалдырады. Бәлкім, білмеген кейіп танытты ма белгісіз…
Мәжіліс депутаты атқарылған істерді ұзын-сонар етіп беруді де ұмытпаған. Жалпы су есептегіш құралдар орнату, суды үнемдеу, су шығынын азайту, жұмсалатын электр энергиясының шығынын кеміту, заманауи технологияны өндіріске енгізу, су құбырларын жаңарту, апатты жағдайлардың алдын алу сияқты жұмыстар – кәсіпорынның негізгі міндеті саналады. Еліміздегі өзге кәсіпорындар да дәл осы міндеттерді жүзеге асырып отыр. Мұны мемлекеттің мүддесі үшін атқарылатын іс емес, кәсіпорын шығынын азайту мақсатында атқарылған жұмыс деу дұрысырақ тәрізді. Осыны ескерсек, жаһандық жаңалық ашқандай аттандатудың қажеттілігі шамалы. Ол аз десеңіз, Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған инвестицияны жетістік ретінде бағалаған көрінеді. Жоғарыда біз сөз еткен мысалдардың бәрі су тарифіне әсер ететінін мәжілісмен білмей ме әлде білмеген кейін таныта ма тағы белгісіз. Қош, өзгені былай қойып, 2005-2024 жылдар ішіндегі Шымкенттегі «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС жүзеге асырған жұмыстарды салыстырайық. Бұл кезеңде «Су құбыры және канализация басқармасының» балансына барлығы 4834 шақырым су құбыры мен 494 шақырым кәріз желісі қабылданған.
Бұл көрсеткіштерді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен салыстырсақ, су құбырын тарту 2,5 есеге, кәріз желісін тарту 31 шақырымға көп. Алайда іс жүзінде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарифтері мемлекеттік кәсіпорынның тарифтерінен әлдеқайда көп. Мұны неге Еділ Терекбайұлы назардан тыс қалдырды. Әлде кәсіпорыннан келген дайын ақпарға сенумен шектелді ме?! Мұнысы бізге беймәлім.
Бүгінде Мәжіліс депутаты мақтан етіп отырған ұзын-сонар жетістіктің халыққа да, кәсіпкерлерге де артықша салмақ салып келе жатқанын біз жазып едік. Бір бұл туралы Жаңбыршин мырза жақ ашпапты. Ендеше көлденең тастайық. Шымкентте тұрғындар үшін сумен жабдықтау тарифі шамамен 97 теңгені құраса, Астанада көрсеткіш 65 теңге шамасында. Яғни 1,5 есе аз. Ал Алматыдағы тариф – 55 теңге. Тариф жоғары ал электр энергиясына кететін шығын керісінше аз. Логика қайда? Мәселен, Шымкентте электр энергиясына кететін шығын көрсеткіші 0,06-0,08 квт/с/м3 болса, ал Астанада бұл көрсеткіш 6 есе артық және 0,45-ке тең, ал Алматыда көрсеткіш 9 есе жоғары және 0,72 шамасында. Рас, кәсіпорын кететін электр энергиясының аздығымен мақтана алады. Алайда тарифке келгенде тықыр жерде тайып құлайды. Өйткені Алматы мен Астанада шығын көп болғанымен тариф төмен, Шымкентте керісінше, шығын аз болғанымен тариф бағасы шарықтап тұр.
Кәріз жүйесі бойынша да тарифтер Алматы және Астанамен салыстырғанда жоғары. Алайда үшінші мегаполистегі сарқынды суды тазарту көрсеткіші төмен. Атап айтқанда, Шымкентте тұрғындар үшін кәріз тарифі 51 теңгені құрайды, Алматыда 2 есе төмен, Астанада іс жүзінде тең. Шымкенттегі бюджеттік ұйымдар үшін тариф 415 теңгені құрайды, Астанада 1,5 есе аз немесе 281 теңге, Алматыда 5 есе төмен немесе 81 теңге. Қарап отырсақ, кәсіпорын, Мәжіліс депутаты айтқандай, мемлекетке салмақ салып отырған жоқ та шығар. Есесіне халықтың қалтасынан шыққан ақшамен мұның бәрін жүзеге асыруда. Демек мұны айрықша жетістік деп бағалаудың өзі артық.
Енді бір сөзінде мәжілісмен «Жергілікті салық органының басшысының уәждері де депутаттарды қанағаттандырмады. Президент кәсіпкерлікке кедергі келтірген қылмыспен тең деген жоқ па? Бұл қалай, «алтын жұмыртқа» әкеліп отырған кәсіпорынды тартып алып, діңкесін құрту саясаты ғой» дейді. Уа, Еділ Терекбайұлы, біріншіден, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 2020-2022 жылдар кезеңінде 32 млрд теңге мөлшерінде кіріс алды, ал шығын 38 млрд теңгені құраған. Мұны бір деңіз. Екіншіден, сіз сөз еткен деректің өзінде Шымкент қаласының әкімдігі кәсіпорынның 22,08 пайыз үлесі үшін бақандай 18 жылда 229 млн теңге дивиденд алған. Мына ішінара тарқатып жіберсеңіз, жылына небәрі 12,7 млн теңге ғана шығады. Мұны «алтын жұмыртқа» әкелетін кәсіпорын деп бағалай аламыз ба? Анық жауап әрбіріміздің көкейімізде самсап тұр емес пе? «Алтын жұмыртқаның» қызығын мемлекет емес, кәсіпорын басшылары көріп отыруы мүмкін десеңіз, бәлкім, сенер ме едік?! Өйткені Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті кәсіпорынның шығындарына жүргізген талдауында бірқатар күмәнді жайттарды анықтаған. Ашып айтсақ, 14 млрд теңгеге күмәнді өзара есеп айырысулар жасалған. Ең сорақысы, соңғы 3 жылдың ішінде шығынға жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның бас директоры Анарбек Орман және онымен байланысты үлескер тұлғалардың атына 40-тан астам жылжымайтын және 30 жылжымалы мүлік жазылған деген дерек те шығып жатыр. Бұған не айтасыз?
Осы деректердің бәрін біле тұра, Мәжіліс депутаты өзі айтқандай, «құқық қорғау және басқа да құзырлы органдарға жергілікті мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне қатысты тапсырма беріп», «егер мәселе оң бағытта шешілмесе, онда Мәжіліс депутаттары заң аясында бұл арыз-шағымды ең жоғары деңгейге дейін көтеретін» болса, онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан әділдік пен ашықтық қағидаттары қайда қалады? Әкімдерге сәлемдеме айтып, «кәсіпкердің құқығы» деген желеумен күмәнді жайтты назардан тыс қалдыру, әлеуметтік желіде оқырман қауымды ақиқаттан алыстату Мәжіліс депутатының өз өкілеттігін асыра пайдалану болып есептелмей ме? Ең әрісі, құзырлы органдардың нақты шешімі шықпай тұрып, жергілікті атқарушы билікті кінәлау – онсыз да арасы алшақтап кеткен халық пен биліктің арасына от жағу, билікті сүйкімсіз көрсету емес пе? Біз қашанға дейін кәсіпкердің құқығын қорғау үшін қара халықтың қалтасына қол сұға береміз? Мәжіліс депутаттары осылайша біржақты пікір білдіріп, екінші тарапты ескерусіз қалдыра берсе, «кәсіби Парламент» деген ұғымның мәні кетіп, мағынасы жоғалмай ма? Мәжілісмендердің жекеге өту тарихы күмәнді кәсіпорынның басшысын қолдап, қорғауы заңсыздықты қуаттауы деп түсінеміз бе әлде қалай? Заңның құлағында отырғандардың өзі заңды белшеден басқан жоқ па? Сауалымыз көп. Жауап әзірге жоқ. Дана халқымыз «бояушы, бояушы» дегенге сақалын бояйды, «көсеуші, көсеуші» дегенге көсеммін деп ойлайды» деп тектен-текке айтпаған. Мәселені бүге-шігесіне дейін білгенімен, оң жамбасқа келгенін ғана айтып, өзгесін бүгіп қалу – бүгінгі депутатқа қажет қасиет емес.
Біздің мақсат — бұқараның қалтасындағы ақшасын кәсіпкерге жырып беру, жергілікті атқарушы билікті кәсіпорынға жығып беру орын алмаса деген ниет қана. Сондықтан бұл мәселені назарға алуларыңызды сұраймыз…
P.S.
Бұл мәселе турасында Шымкент қаласынан Мәжіліске барған депутат Данабек Исабековпен байланысып, мәселе турасында сұрағанбыз. Айтуынша, бұл түйткілден бейхабар. Осындайда кәсіпорын басшыларының үшінші мегаполистің қыр-сырын жетік білмейтін Мәжіліс депутаттарына жүгінуі бұл жайттағы нақты фактілерді жасырып қалуға тырысу амалы емес пе деген салмақты ой санамыздан сығалайды. Сондықтан да Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың бұл жайтқа назар аударып, астарын ақтарарынан үміттіміз.
Қ. ДӘУЛЕТӘЛІ.